«Темір-қатынға» үйленген механизатор неге жылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 қазан күні Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ХХІІ маусымының шымылдығын түрді. 1 қазан күні басталуы кездейсоқтық емес, бұл күні көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері дүниеге келген.


Жаңа маусым Ш. Башбековтің «Темір қатын» комедиясымен ашылды. Қоюшы режиссері - театрдың көркемдік жетекшісі Батырбек Шамбетов. 


Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма, механизатор Қошкар ака жұбайы Кумримен жүз шайысып қалады. Әйелі бала-шағасын ертіп, төркініне тайып тұрады. Ерегескен тракторшы жас ғалым ойлап тапқан робот-әйелге үйленіп, некесін қидырады.


«Темір-қатынның» қолынан бәрі келеді, бірақ ол жан жылуын бере ала ма? Қандай мықты роботтың өзі бір әйел атқарар үйдің жұмысына неге шыдамады?


Комедия көтерген мәселе өте ауқымды.


Адамзат ақылының шыңы, жетілген ең жоғарғы технология можантопай механизатордың қолына түссе, нәтижесі не болмақ? Бүгінде тұрмысқа дендеп енген жасанды интеллект жүрегіңе үстемдік жүргізіп, жан дүниеңді билеп, өміріңе қатер төндірсе ше? Тұжырым жасау қабілетіне ие болған «Темір-қатын» арбағанда, өзін «тас жүрек» сезінетін еркек неге еңкілдеп жылады? 


Ең өзекті сұрақтарға жауапты «Темір-қатынды» тамашалаған адамның өзі-ақ табады. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы