15 Қазан 2026, 12:50 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Рэпер NAVAI есірткі контрабандасы ісі бойынша қамауға алынды

Қазақстан шекарасында есірткі контрабандасына күдікпен ұсталған ресейлік әнші тергеу аяқталғанша қамауда болады. Бұл туралы сот шешімі шықты.

13 қазанда «Қордай» шекарасы маңындағы бақылау-өткізу пунктінде Қазақстанға кіру кезінде полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, сахналық лақап аты NAVAI ретінде белгілі ресейлік әнші Наваи Бакировты есірткі контрабандасы ісі бойынша ұстады.

Ол мініп келген автокөлікті тексеру барысында есірткі заты табылып, тәркіленді.

Аталған дерек бойынша есірткі заттарының контрабандасына оқталу күдігімен қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктіге қатысты соттың санкциясымен күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті.

Айта кетейік, кеше Астанада рэпердің концерті өтуі керек еді. Алайда кейін ұйымдастырушылар техникалық себептерге байланысты концерттің өтпейтінін хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін рэпер NAVAI Қазақстан шекарасында есірткі контрабандасына күдікпен ұсталғаны хабарланған еді.  Оның көлігінен тыйым салынған зат табылып, тәркіленгені айтылды.