Ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуы керек – Президент

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Бүкілармиялық кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет, - деді ол.

Ол Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру маңызды екенін айтты.

Әскери мамандар даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн. Ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуға тиіс. Әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет. Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Қазіргі қақтығыстардың сипаты мүлде бөлек. Әлемде гибридті соғыс жүріп жатыр. Сондықтан Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру – өте маңызды міндет. Білім мен тәрбие әрдайым бірін-бірі толықтырып отыруы қажет, - деді Президент.

Тоқаев  аға буынның тәжірибесін жас сарбаздарды тәрбиелеу ісіне тиімді пайдаланған жөн екенін айтты.

Сарбаздарымыз қайсар, батыл, сондай-ақ білімді болуы шарт. Жауынгерлердің бойына отаншылдық, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Олар нағыз азамат деген атқа лайық болуы қажет. Бір сөзбен айтсақ, армия – бұл рухани тәрбие орталығы. Біз қатігездік, әлімжеттік сияқты қоғамға қауіпті үрдістерге жол бермеуіміз керек. Бүгін осы жерде ардақты ардагерлеріміз отыр. Олардың тәжірибесі, көрген-түйгені мол. Біз ардагерлерге зор құрмет көрсетеміз. Аға буынның тәжірибесін жас сарбаздарды тәрбиелеу ісіне тиімді пайдаланған жөн, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы