Қазақстан ректорлары кеңесінің отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Қазақстан ректорлары кеңесінің отырысы өтті. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары басшылары басқосты. Олар қазіргі заманның сындарлы сынына жауап бере отырып, білім беру үдерісін жақсартуға және мамандар даярлау сапасын жетілдіруге ниетті.
Қазақстан Ректорлар Кеңесінің 2019 жылға арналған қызметінің қорытындылары сараланып, 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітілді.
Бүгінгі ректорлар Кеңесінің отырысында жылды қорытындылап, есеп береміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған бағыттардың бірі – білім экономикасын құру. Осы тұрғыда қызу талқылау жүргізіп, ой-пікір алмасудамыз. Президент білім мен ғылым саласын дамыту және оның сапасын арттыру туралы қыркүйек айында нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл үкімет пен тиісті органдар тарапынан ғана іске асырылмауы тиіс. Сонымен қатар, қазіргі таңда қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер де бұл мәселеге тікелей араласуы керек. Сонда ғана нәтижеге жылдам қол жеткіземіз, - дейді Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, кеңестің төрағасы Ерлан Сыдықов.
Ректордың айтуынша, бүгінде білім мен ғылымға жоғары талаптар қойылып отыр. Жоғары оқу орындары санының көптігі мен кейбір университеттердің талап сәйкес келмейтіндігін айтты, Мұның барлығы "Атамекен" ҰКП жүргізген рейтингтің арқасында анықталғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Кеңес төрағасы ұлттық және мемлекеттік университеттердің коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға көшуі жөнінде өз пікірін білдіріп өтті.
"Елбасы "100 нақты қадамда" жоғары оқу орындарына академиялық басқару еркіндігін беру жөнінде нақты тапсырма жүктеген еді. Сол тапсырмаға сәйкес елдегі жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға ауыстырылатын болады.
Әлемде университеттер мыңдаған жылдардан бері, яғни құрылғаннан бері еркін. Оны қоғам бақылайды. Сондықтан да мемлекеттің бәрін басқарып, қадағалай беруге мүмкіндігі жоқ, оның қажеті де жоқ. Сол себепті, Қазақстандағы оқу орындары қазір пісті, қалыптасты, бәсекеге қабілетті және әлемдік интеграцияға енді. Міне, осындай университеттерге корпоротивтік басқару жүйесін енгізу алға қойылып отыр. Яғни, мемлекеттік құқығынан айырып, коммерциялық емес акционерлік қоғамға ауыстыру керек. Мұның пайдасы зор. Себебі, университеттер өзін-өзі басқарады. Мемлекет емес, өзінің мүлкіне өзі ие болады. Оны тиімдң пайдалануға және қаржы табуға мүмкіндік туады, - деп атап өтті Ерлан Сыдықов.
Оның айтуынша, жаңа басқару жүйесінде ЖОО өзінің оқу бағдарламаларын тәуелсіз жасап шығара алады.
Биылғы жыл білім саласында жаңалықтарға толы болды. "Педагог мәртебесі туралы" Заң жобасы әзірленді, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттерге, магистранттар мен докторанттарға стипендиялар 25%-ға ұлғайтылады, ал 25 ұлттық университет коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылады.
Осы және басқа да мәселелер бүгінгі ректорлар кеңесінің отырысында жан-жақты талқыланды.