Ректор: Праймериз білікті азаматтарға мүмкіндік береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Nur Otan партиясы өзінің 21 жылдық тарихында Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, үлкен саяси күшке айналды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Алдамбергенова осылай деді.

Жаңашылдықтар мен іргелі істердің ұйытқысы бола білген партия егемендіктің елең-алаң кезінен бергі елдік жұмыстардың барлығына атсалысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баянды бастамаларына, салиқалы саясатына әрдайым қолдау білдіріп келеді. Саяси ұйымның ширек ғасырға жуық уақыт аралығында атқарған ауқымды істері отандастарымыздың көңіл үдесінен шықты. Бұл пайымымызды көзіқарақты қауым жоққа шығара алмас. Бүгінде елімізде әлеуметтік-экономикалық бағытта көптеген жаңғырумен қоса мемлекетіміздің саяси аренасында да оң өзгерістер болып жатыр. Бұл тарапта соны тәсілдер мен тың технологиялар қолданысқа енуде. Соның бірі – партияішілік іріктеуді өткізу. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы аталған бастама турасында: "Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын" дей келе, биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды, – дейді ректор.

АҚШ, Оңтүстік Корея, Еуропаның бірқатар дамыған мемлекетінде қолданысқа енгізілген бұл тәсіл сауатты да жауапты, білімді де білікті, қарым-қабілеті биік, интеллектуалды әлеуеті жоғары азаматтар үшін мүмкіндіктерге жол ашатын мінбер іспетті. 
Менің ойымша, партия қатарында көшбасшылық қасиеті қалыптасқан жандардың көп болуы – оның беделі мен абыройын көтеруге және нақты істің партиясы атануына серпін бермек. Праймериздің басты талаптарының бірі – қалыптасқан қасаң қағидалармен ғана шектеліп қалмай, өзін-өзі ұдайы һәм үздіксіз жетілдіріп отыратын саяси, ғылыми және шығармашылық процесс. Бұл өз кезегінде партия мүшелерінің арасында өзара бәсекелестік тудырып, шынайы демократиялық қадамдарға жол ашады. Ал бәсеке "жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар" үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Гауһар Алдамбергенова.

 Осы орайда алдағы сайлауда жаңа қабылданған заңға орай, партия тізімінен түсетін үміткерлер құрамының 30 пайызы әйелдер мен жастардан құралу қажеттігі көрсетілгенін айта кету керек. 
Бұл – көпшілік қауымның қолдауына ие болды. Себебі, халық даналығында айтылғандай, ақыл – жастан шығатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Қазіргі күнде Nur Otan еліміздің жастары үшін көптеген игілікті іс атқарып жатқандығын астын сызып атап өткен ләзім. XXI ғасырда көшбасшылыққа тек жастар белсенді қолдау көрсеткен саяси ұйым ғана ие бола алады. Бүгінде Jas Otan мүшелерінің саны екі жүз мыңға жуықтаған. Бұл әрбір қала, аудан мен ауылдағы, өндіріс және оқу орындарындағы жастардың белсенділігін айғақтайды. Осыдан 19 жыл бұрын кішігірім үйірмеден басталған ұйым бүгінде ауқымды қозғалыс дәрежесіне жетіп, үлкен саяси күшке айналды, – дейді университет басшысы.

Іргелі саяси ұйымның қолға алып жатқан жаңа саяси технологиялары партияның одан əрі жаңғыруына серпіліс берері анық.
Сөзімнің соңында алдымызда үлкен мақсаттар, биік белестер бар екендігін айтқым келеді. Олардан алқынбай асу, белестерді бағындыру – біздің өз қолымызда. Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік бар жерде ғана игі істер жүзеге аспақ, – дейді Қыздар университетінің ректоры Гауһар Алдамбергенова.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы