Рекордтар кітабына енген сержант
Жүгіру – қарапайым және адамға пайдалы дене жаттығуы. Сонымен қатар бұл спорт адам бойында қуаныш пен бақыт, оптимизм сезімін тудыратын эндорфиндердің дамуына үлес қосады. Ол адамның төзімділігін арттырып, оны айтарлықтай жұмысқа қабілетті етеді. Әңгіме арқауы ел ішінде және Қарулы күштерде өзінің желаяқтығымен танымал болған марафоншы, рекордсмен Рауан Әбілханов жайлы болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, Қарабұлақ ауылының тумасы бала күнінен-ақ еңбекқор әрі спортқа жақын болып өсті. Рауан атасынан еңбек етуді, қиындықтан қашпауды, бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйренді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекерге айтылмаса керек.
Әскерде қызмет ету оған қиынға соққан жоқ, 2001-2003 жылдары Отан алдындағы борышын өтеді. Ауылда шынығып, шымыр боп өскен балаға әскердің тіршілігі ұнады. Армиядан келген соң бір жыл өтпей-ақ Алматыдағы Десанттық-шабуылдау әскерлеріне барып, құжатын өткізіп, келісімшарт бойынша қызметке кірді.
Бірнеше жыл десант әскеріндегі қызметтен Рауан мол тәжірибе жинады. Кейін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына взвод сержанты лауазымына ауысты. Бұл лауазымда бес жыл қызмет етті. Бұдан соң «Әли» оқу-жаттығу орталығында оқу үдерісін қамтамасыз ету ротасында взводта жауынгерлік машина командирі, атыс дайындығының нұсқаушысы болды.
Әскери салаға келгелі бері әскерде өтетін барлық шараларға қатысып келемін. Соның ішінде жауынгерлік сайыс жаттығуы, үздік взвод, әскерилендірілген кросс, қазақша күрес, самбо күресі, жүгіруден жарыстар, қару-жарақпен атыс жарыстары да бар. Әлі күнге дейін жарыстарға үздіксіз қатысудамын, – дейді Рауан.
Көп бастама бала шақтың еншісінде екені рас. Біреулер бала күнгі арманым еді десе, енді бірі бала кезден айналысып келемін дейді. Шындығында бала әлемі – ең таза әлем. Ондағы арманның өзі кіршіксіз. Міне, Рауан да кішкентай кезінен бастап 11 сыныпқа дейін қазақша күреспен және еркін күреспен айналысып, спорттан орнын тауып, әскерге де түрлі жарыстарға қатыса бастайды. Ал жеңіл атлетикаға 2013 жылы бет бұрады. Бірнеше марафондарға қатысады. Оның ішінде Алматы марафоны да бар.
10, 21, 42 шақырымдық марафондарға, таулы аймақтарда жүгіретін ультра марафонға да қатысады. Осылайша, марафоншымыз бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, талай жүлделі орындарға да ие болады.
Әскери қызметші болған соң Бауыржан Момышұлындай мықты қолбасшыдан үлгі алмау, оны оқымау мүмкін емес. Оның әрбір нақылына мән беретін Рауан халық батырының «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» дегенін мысалға келтіре отырып, әр нәрсені бастау үшін жігітке бірінші кезекте жүректілік керек деп есептейді. Дегенмен дайындықсыз еш нәрсе болмайтыны мәлім. Айтулы марафонға да ол үлкен дайындықпен келді.
Ультра марафонды ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтқан өзім болдым. Одан әрі институт (Құрлық әскерлерінің әскери институты) бастығы да қолдады. Осылайша, қай күні, қанша шақырым жүгіретінімнің бәрін жазып, Қазақстан Рекордтар кітабының ресми өкіліне хат жолдадық. Олардан қолдаймыз деген хат келді. Сөйтіп, марафонды ұйымдастырдық. Сыныптастар, жора-жолдастар, отбасым, туған-туыстар, әскердегі ұжымым қолдап, бірге межелі жерге дейін барды, - дейді ол.
Марафонға белгіленген 350 шақырым оңай болмағаны анық. Осыған дейін 50-60 шақырым ғана жүгірген Рауан марафон алдында өзінің уақытын, әр 50 шақырымды қанша уақытта жүгіретінін есептеп, 50 шақырым сайын тынығуды жоспарлады. Жалпы 6 аялдама болды. Бірінші елу шақырымды 4 сағат 20 минутта келген соң, оған 1,5 сағат тынығудың орнына 2 сағат демалыс береді. Одан кейінгі 50 шақырымды 5 сағатта жүгіріп өткен. Бұл жолы алдағыдай емес, тынығу уақыты 1,5 сағат болды. Сөйтіп-сөйтіп әр 50 шақырым сайын тынығатын уақыт азая бастайды. 300 шақырымға келгенде 40-ақ минут қана уақыт қалады. Біраз массаж жасатып, 40 минуттан соң қайтадан стартқа тұрады.
Осылайша, марафоншы Рауан, ұйымдастырушылар мен Қазақстан рекордтар кітабының өкілі, қолдаушылар ұйқысыз 48 сағатты өткізіп, соның арқасында 47 сағат 23 минут дегенде межелі жерге жетіп, осындай жақсы нәтижеге қол жеткізеді.
Еңбексіз оңай олжаға кенелу мүмкін емес. Жетістікке жету үшін жанкештілік керек. Рекордтар кітабының өкілі старттан бастап, бәрін қадағалап, бақылап отырды. Рауанның қасында 3 көлік еріп жүрді. Тіпті онымен бірге серіктесіп жүгіргендер де болды. Суын беріп, тамағын жеткізіп, достары да қасынан табылды.
Әскер жігітті шыңдап, шынықтыратын орта. Оның да өз қызығы мен қиыншылығы бар. Әйтсе де ер жігіт ешқашан қиындыққа мойымау керек дейді кейіпкеріміз. Әсіресе отбасы алдындағы жауапкершілікті бірінші орынға қоятынын да айтып қалды.
Әскери оқу орнында дайындап жүрген курсанттары да спортта талай жеңіске жетіп, жүлделер алған. Оқу орнынан басқа да жарыстарға шығып жүрген көрінеді.
Табысты «табан ақы, маңдай терімен тап», «ешкімнің ала жібін аттама» деген әке өсиетін ұстанған Рауан спортта ғана емес, өз еңбегімен талай марафонда жеңіске жетті. Әке өсиетін бойына сіңірген ұл деп Рауандай жігітті айтса керек.
Желаяқ жігітіміз отбасында да жары Айгүлмен бірге бір ұл, жеті қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке. Айтпақшы бірер күн бұрын көпбалалы әке Рауанның сегізінші перзенті дүниеге келді. Әр жетістіктің артында мықты әйел тұратыны бәрімізге белгілі. Рауан да Айгүлдей асыл жарының жарыста демеу болатынын тілге тиек еткен-ді.
Өмірде үлгі тұтар адамдарым, бірінші – ата-анам. Қарапайымдылығымен, адалдығымен тәлім-тәрбие берген асыл жандар. Спортқа келсек, әлемге әйгілі Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымызды үлгі тұтамын. Бала күннен қатты қызығатынмын. Әлі күнге дейін интернеттен жарыстарын көремін. Өзім еліктейтіндер қазақтың бірінші желаяғы Әмен Тұяқов ағамыз, бүгінгі мықты Марат Жыланбаев. Үйренерім әлі көп, – дейді Рауан Әбілханов.
Үлкен жетістіктердің артында тынымсыз, үздіксіз еңбек тұрғанын білеміз. Рауанға да әлемдік деңгейдегі жетістіктер тілейміз.