Рекорд: Қазақстан шетелге 13,4 млн тонна астық экспорттады
Қазақстан 2024–2025 маркетингтік жылының қорытындысы бойынша Қазақстан 13,4 млн тонна астық экспорттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров министрліктің жылдық қорытындысы бойынша өткен баспасөз кездеуінде мәлімдеді.
Айтуынша, жемшөптік ұнды қоса есептегенде, сыртқа шығарылған өнім көлемі 15 млн тоннадан асқан. Қалған бөлігі ел ішінде қалды: мал азығына, өңдеуге және тұқым ретінде пайдаланылды.
Жаңа жиналған өнімнен қазіргі уақытқа дейін 3,9 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,6 пайызға көп. Экспорттық әлеует 13 млн тоннаға дейін жетеді, ал қазақстандық астық пен ұн 45 елге жөнелтіліп отыр, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр экспорттың жоғары болуы неліктен тиімді екендігін түсіндірді.
Өйткені Қазақстан өз қажетіне керек көлемнен 2–3 есе көп астық өндіреді. Артық өнім сыртқа шығарылған кезде ішкі нарыққа және дәстүрлі өткізу нарықтарына қысым түспейді. Одан бөлек, елге валюталық түсім келеді. Бұл ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер етеді. Ал фермерлер тапқан табысына жаңа техника сатып алып, экономикаға инвестиция құяды, ауылдардың дамуына үлес қосады, - дейді министр.