"Регламенттеріңізге түкірдім!" – Әйел қоғамдық тыңдауда айтқан сөзі үшін айыппұл төлейді

Рудный қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қоғамдық тыңдаудағы әрекетіне қатысты әйелге айыппұл салу туралы шешім шығарды. Бұл туралы іс қалалық мәслихат төрағасы Азамат Ысқақовтың полицияға жазған арызынан кейін қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға көше атауларын өзгерту мәселесі талқыланған қоғамдық тыңдау барысында болған. Тыңдауға қатысушы Екатерина Корчагина сөйлеп тұрған кезде регламент талаптарын бірнеше рет бұзып, өзіне ескерту жасалғанына ашуланып, «Сіздердің регламенттеріңізге түкірдім!» деген мағынада жарамсыз сөз айтқан бойда мінберден кетіп қалған.

Мәслихат төрағасы бұл сөзді қоғамға құрметсіздік және әдепсіздік деп бағалап, полицияға шағымданған. Учаскелік полицей хаттама толтырып, істі сотқа жолдады.

Сот психологиялық-филологиялық сараптама тағайындамай-ақ, Корчагинаның сөзі әдепсіз сипатта болғанын және тыңдау барысында өзгелерге құрметсіздік танытқанын анықтады.

Сотта әйел бастапқыда айтқан сөзін "қате түсінді" деп түсіндіруге тырысқан. Яғни ол:

Мен "түкірдім" ("насрать") деп емес, "нас – рать" (яғни "біз көппіз") деп айтқан едім, - деп түсіндіріп көрген. 

Кейін Екатерина Корчагина өз кінәсін мойындап, қамауға алуды қолданбауды және айыппұл мөлшерін азайтуды сұрады.

Сот жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жай таппағандықтан, оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архиві/ Бауыржан Жуасбаев
Өзгелердің жаңалығы