Референдумға бірдеңені біліп бару керек – Толықбай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Amanat партиясының мүшесі Мақсат Толықбай Sarap эксперттік клубының кезекті отырысында референдумға не үшін және қалай бару керегін айтты.  

Бәріміз өзгерісті қалаймыз, бірақ біреу келіп өзгертіп бермейді. «Жаңа Қазақстан» деген ұран күн тәртібінен түспей тұр. Бірақ ол ұранмен құрылмайды, заң жүзінде сөйлеу керек. Заңды өзгертпей, қоғамды қалай өзгертесің? Референдумда осы өзгерістерді қабылдайсың ба? Иә ма, жоқ па деген екі-ақ жауап келеді. Сондықтан референдумға барғанда бірдеңені біліп баруымыз керек, – деді ол.

Сондай-ақ журналист референдумның не екенін түсінбей жатқандар әлі де көп екенін алға тартты және саяси науқанды саяси мәдениетті қалыптастырудың бір жолы деп түсіндірді. 

1995 жылдан бері Ата Заңға төрт рет өзгеріс енгізілген. Бірақ «Былай істесек қалай болады?» деп елмен ақылдасқан ешкім болған жоқ. Өзгеріс енгізудің екі-ақ жолы бар. Біріншісі – Парламент қабырғасында қабылдау, екіншісі – референдум. Президент шешім қабылдауды халықтың өзіне қалдырып отыр. Бұл – саяси мәдениет қалыптастырудың бір жолы ғой, осылай үйренерміз, – деді Мақсат Толықбай.

Сонымен қатар, Amanat партиясының мүшесі референдумға қатысты Швейцарияның тәжірибесімен бөлісті. Онда 500-ге жуық референдум өткенін айтты. 

Швейцариялықтар конституциялық өзгерістерден бөлек, қарапайым ереже, нормалардың өзін референдумға шығарады. Мысалы, қоғамдық орында темекі шегуге рұқсат берейік пе, жоқ па дегеннің өзін референдум арқылы талқылайды. Күндердің күнінде біз де осы дүниеге жетерміз, – деп сенім білдірді спикер.     

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы