Референдум. Штаб мүшелері еңбек ұжымымен кездесті
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде жалпыхалықтық референдумның негізгі ережелерін түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Ақмола облысы бойынша референдумды қолдау штабының мүшелері Көкшетаудағы «Гормолзавод» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорын қызметкерлерімен жерге меншік ету, құқық қорғау саласына қатысты түзетулер егжей-тегжейлі талқыланды.
Біз кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Азаматтар конституцияға енгізілетін өзгерістердің мән-маңызын жете түсініп, елдегі саяси реформалардан сырт қалмауы тиіс. Облыстық штаб мүшелерімен жалпыхалықтық референдум қарсаңында 1302 шара өткізуді жоспарлаған. Осы аралықта 130 еңбек ұжымында дөңгелек үстел өткіздік. Ақпараттық материалдар таратылды. Бұл жұмыстар жалғасуда, – дейді Ақмола облысы бойынша референдумды қолдау штабының жетекшісі Ерлан Закирьянов.
Оның айтуынша, соңғы жылдары сайлау процесін жаңғыртудың қоғам үшін жоғары маңыздылығы байқалды. Енді оның рөлі конституциялық деңгейде бекітіледі.
Президент осы қадамдардың барлығы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты сақтауға бағытталғанын атап өтті. Бұл құқық қорғау саласындағы түзетулер блогына да қатысты. Бұдан былай ата заңда өлім жазасына түбегейлі тыйым салынады. Осы құқық қорғау құрылымдарының барлығы халыққа қызмет ететін болады, – деп толықтырды Ерлан Закирьянов.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларды жүргізу жөніндегі бастамалары ең алдымен елдегі саяси жүйені жаңғыртуға, қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыруға, адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті штаб мүшелері.
Тұрақтылықты сақтау және демократияландыру жолындағы қозғалысты жалғастыру үшін бүкілхалықтық талқылауға еліміздің негізгі Заңының 33 бабына түзетулер енгізілді. Олар іс жүзінде біздің өміріміздің барлық аспектілерін қозғайтындықтан бүкіл қоғамның қатысуын талап етеді, – деді штаб мүшесі, Ақмола облысы бойынша кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов.
Оның айтуынша, рефендумға қатысу халықтың Президенттің жеке өзіне де, оның саяси бағытына да сенімінің көрінісі.
Алдағы конституциялық реформа еліміздің дамуындағы жаңа кезеңді білдіретінін атап өтті Мемлекет басшысы. Сондықтан 5 маусымда сайлау учаскесіне келіп, ел болашағы үшін дауыс беру маңызды, – деді Қали Рахметов.
Штаб өкілдері ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысты түзетулерді егжей-тегжейлі талқылады.
Түзетулер қабылданған жағдайда депутаттардың 50%-ы облыстарда, қалалар мен аудандарда тікелей дауыс беру арқылы қарапайым көпшілік дауыспен сайланатын болады. Сайлаушылар жеке қасиеттері мен тәжірибесін ескере отырып, белгілі бір адамға дауыс береді. Конституциялық деңгейде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі бекітіліп, Конституциялық сот құрылады, – деп түсіндірді штаб жетекшісі Ерлан Закирьянов.
Талқылау барысында кәсіпорын ұжымы өз көзқарастарымен бөлісіп, елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты.