Референдум. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылар қатыса алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық референдум комиссиясының отырысында «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы» мәселе қаралды.
Осы мәселесі бойынша Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады.
Ол «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес референдум өткізу кезінде өкілеттігі Орталық референдум комиссиясы белгілеген тәртіппен куәландырылатын шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылар қатыса алатынын хабарлады.
Конституциялық заңның нормаларына сүйене отырып, «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылданды.
Қаулыға сәйкес, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық референдум комиссиясының төрағасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша дауыс беруді бақылауға қатыса алады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық референдум комиссиясының жанында аккредиттеледі, - деді Ерман.
Айтуынша, Сыртқы істер министрлігі жанынан Халықаралық бақылау мәселелері жөніндегі штаб ашылды.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына олардың референдум өткізу кезеңіндегі қызметі үшін негіз болып табылатын, орталық комиссия белгілеген үлгідегі аккредиттеу куәлігі беріледі. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған кезде референдумға байқауды жүзеге асыра алады, - деп түсіндірді Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Сонымен қатар ОРК қаулысы шетелдік бақылаушыларды аудармашымен бірге алып жүру мүмкіндігін қарастырады.
Сондай-ақ қаулымен шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысы сауалнамасының мәтіні бекітілді.
Аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2022 жылғы 30 мамырда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-де аяқталады.