Референдум Қазақстанды жаңа бағытқа жетелейді – Абзал Салықбаев

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Араға 27 жыл салып Жаңа Қазақстанның жаңа заңы жалпыхалықтық референдумда қайта дауысқа түспек. 

«Заңы үстем елдің заманы қашанда тыныш» демекші, шамамен 20 күннен кейін өтетін республикалық шара туралы «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиал төрағасы Абзал Салықбаевтың пікірін сұраған едік. 

Оның сөзінше, жалпы әлем практикасында негізгі заңды өзгертіп тұру практикасы бар. Мәселен, кейбір елдер шамамен 10-17 жыл сайын Ата заңға өзгеріс енгізіп тұратынын атап өтті.  

Қазақ елі де мұндай өзгерістерден құр алақан емес, айталық 1993 және 1995 жылдары екі рет жаңа Конституцияны қабылдады. Сонымен қатар бес рет өзгерістер енгізген. Биылғы толықтырулар мен өзгерістер де қазақ халқы үшін өте ауқымды әрі маңызды шара болмақ. Ел Президенті халық пікіріне құлақ асып, көпшілікпен келісілген ортақ шешім қабылдауды жөн санап отыр. Осы ретте азаматтардың да құқығы мен бостандығын қорғау нығая түсіп, Парламент пен мәслихаттың рөлін күшейтуге басымдық беруде. Өйткені, парламенттік жүйеге таңдау жасап отырған елміз. Бесінші маусымнан кейін республикамызда үлкен өзгерістер орын алып, болашағымыз жарқын бола түсеріне сенімдімін, - дейді ол.

Партия төрағасының айтуынша, бұл жалпыхалықтық референдум – біздің саяси, құқықтық және экономикалық жүйемізді жақсартуға көмек береді. Қазақстанды жаңа бағытқа жетелейді. Президентіміздің Жаңа Қазақстанды құрамыз деген бастамасы осы заңдағы өзгерістерден басталмақ. 

Қазірдің өзінде «Суперпрезиденттік жүйеден бас тарта алдық», демек референдумнан кейін де елімізге пайдасы мол заң жобасы әзірленеді деп сенеміз. Облыс аумағында «Ақ жол» партиясының 24 депутаты бар. Ел арасында біздің депутаттар референдум жайлы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Конституцияны халық қолдап жатса 33 баптың 56-сына түзету енгізіледі. Екі бөлімнің атауы ауыстырылады, - дейді партия төрағасы Абзал Салықбаев.

Айта кетейік, жалпы Ата заңымыз тоғыз тараудан, 98 баптан тұрады. Бұл референдумға 18 жасқа толған Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы