Референдум. Қарағанды облысында дауыс беру 650 сайлау учаскесінде өтеді
Қарағанды облысында 6 қазан күні өтетін республикалық референдумға дайындық қарқынды жүргізілуде. Аймақ халқының 760 мыңнан астамы референдумда өз дауыстарын беріп, таңдау жасауға құқылы, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Бүгінгі таңда аймақтағы 650 дауыс беру учаскесі қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Мүгедектігі бар азаматтар үшін 566 дауыс беру учаскесінде пандустар орнатылып, арнайы бұрыштар ұйымдастырылған. Есту қабілеті бұзылған азаматтар 402 дауыс беру учаскесінде өз дауыстарын бере алады. 74 учаскеде сурдоаударма ұйымдастырылған.
6 қазан күні облыс аумағында 650 дауыс беру учаскесі жұмыс істейтін болады. Барлық учаскелер стандарт бойынша жабдықталып, оларда қауіпсіздік техникасы барынша қарастырылған. Дауыс беру күні сайлау учаскелері электр қуатымен және интернетпен үздіксіз қамтамасыз етілуі үшін қосымша резервтік генераторлар ұйымдастырылды. Дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы Қарағанды өңірі бойынша 761 604 сайлаушы тіркелген. Сайлаушылар референдумда өз таңдауын жасауға құқылы, - дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Облыс тұрғындары үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпараттандыру ұйымдастырылып, арнайы онлайн-сервистер іске қосылды. Азаматтар референдум жайлы ақпараттарды call-орталықтарға, Сенім қызметіне хабарласып алуына болады. Референдум уақытында аймақтағы қоғамдық тыныштықты сақтауға 2500-ден астам құқық қорғау қызметкерлері жұмылдырылады. 2 қазаннан бастап Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бюллетендер шығарылатын баспаханалар тәулік бойы күзетілетін болады.