Референдум өтті деп танылуы мүмкін: Келушілер көрсеткіші 51,93%-ға жетті
Сағат 14.00-дегі жағдай жарияланды.
Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, сағат 14.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде азаматтардың дауыс беру учаскелеріне келу көрсеткіші туралы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абай облысында – 61,04%, Ақмола облысында – 60,05%, Ақтөбе облысында – 61,37%. Алматы облысында – 56,13%, Атырау облысында – 56,54%. Батыс Қазақстан облысында – 49,97%, Жамбыл облысында – 51,13%.
Жетісу облысында келу деңгейі 59,82% болса, Қарағанды облысында – 57,32%, Қостанай облысында – 56,51%. Қызылорда облысында – 64,63%, Маңғыстау облысында – 53,14%.
Павлодар облысында – 53,31%, Солтүстік Қазақстан облысында – 52,37%. Түркістан облысында – 58,03%, Ұлытау облысында – 52,06%, Шығыс Қазақстан облысында – 59,60%.
Астана қаласында дауыс беруге келгендердің үлесі 40,68%-ды құрады. Ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, 21,68% болды. Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 58,24% деңгейінде қалыптасты, - деп атап өтті Шавхат Өтемісов.
Жалпы сағат 14.00-дегі жағдай бойынша республикада 6 471 378 азамат бюллетень алған. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 51,93%-ына тең.
«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысса, референдум өтті деп есептеледі.
Орталық референдум комиссиясы өңірлерден келіп жатқан мәліметтерді тұрақты түрде жинақтап, жұртшылыққа жедел жеткізіп отыр. Ақпарат құралдарының өкілдері де комиссия жұмысын жіті бақылап, әр сағат сайын дауыс беру барысы мен учаскелерге келіп жатқан азаматтардың саны туралы шұғыл ақпарат таратуда.
Дауыс берушілердің келуі туралы келесі мәлімет жергілікті уақыт бойынша сағат 16.00-де жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін референдумда сағат 10.00-ге дейін қазақстандықтардың 19,21%-ы дауыс берді.
Ел бойынша сағат 12.00-де 4,6 млн-нан астам адам өз таңдауын жасады.