Референдум. Өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастамасына орай, өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«AMANAT» партиясының мүшесі Ғани Ташқараев осы жолғы өзгерістердің ауқымы өте кең екеніне тоқталды.
Депутаттың айтуынша, конституцияға енгізілетін түзетулер билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге көмектеседі.
Кездесуде жұмысшылар жер және пайдалы қазбалар мәселесі бойынша сұрақтар қойды. Конституцияда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп өзгереді.
Осындай өзгерістерді жұмысшылар қолдап, 5 маусымда референдумға қатысатындарын жеткізді. Сондықтан әрбір азамат референдумға жай қатысып қана қоймай, қандай өзгерістер үшін дауыс беріп жатқанын түсініп, оның мәнін ұғынуы тиіс, – деді депутат Ғани Ташқараев.
Депутат атап өткендей, ең бастысы мемлекеттік жүйе, Парламенттің өкілеттілігі мен сот жүйесінен бастап, қоғам өмірінің барлық негізгі салаларын қамтитын өзгерістер болып отыр. Тұрғындар еліміздің заман талабына сай енгізіліп жатқан өзгерді қолдайтынын және науқанда белсенділік танытатындарын жеткізді.
Жиынға қатысушылар президенттің өкілеттілігі кезінде жақын туыстарына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу туралы сұрады.
Алдағы референдумда 43-баптың 3-тармағында Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына тыйым салу ұсынылып отыр, – деді депутат.
Сонымен қатар жиын барысында қаладағы бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Соның ішінде, оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар мектептің алдына жылдамдық қадағалайтын бейне бақылау камераларын орнатуды сұрады.