Референдум. Халықаралық байқаушылар 120 учаскені аралауды жоспарлап отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ТМД байқаушылар миссиясы кеңесі хатшылығының басшысы – бас хатшы Дмитрий Кобицкий Ұлттық академиялық кітапханадағы 111-учаскеде дауыс беру қалай өтіп жатқанын айтты.

Біз жұмадан бастап Қазақстанның елордасындамыз. Бұған дейін ұзақмерзімді мониторинг жүргізіп, заңнаманы бағалап, электоральді үрдістерді жүзеге асырдық. ОСК жақсы дайындалған. Біз олардың белсенді жұмысына куә болдық. Өңірлік комиссиялармен де байланысты тиімді орната білген. Барлық маман білікті және бұл іс-шараға жоғары деңгейде әзірленген. Сондай-ақ таңғы сағат 7-ден бастап халықтың белсенділігі артып отыр. Тұрғындар өзгерістерге дауыс бергілері келеді. Бүгінгі іс-шараның нәтижесі халықтың әл-ауқаты мен елдің дамуына оң әсер береді деген ойдамыз, - деді Кобицкий. 

Оның айтуынша, байқаушылар 120 учаскені аралауды жоспарлап отыр. 

Қазақстанға келген сайын кадрлардың сапалы дайындығына куә боламыз. Отандық байқаушылар да жақсы дайындалған. Біздің міндетіміз - референдумның қалай ұйымдастырылып, өтіп жатқанын бақылау.  Заңнамалық және халықаралық талаптардың бұзылмауын қадағалау. Халық өзінің дауысы ескерілетінін түсінуі керек. Біз дауысты есептеуде де боламыз. Кешке кеңес өткізіп, барлық байқаушының пікірін білеміз. Ертең облыстарда алдын ала нәтижелер шығады. ТМД-дан 8 байқаушы бар. Қазақстанда барлығы 57 байқаушы жұмыс істеп жатыр, - деді ол. 

Кобицкийдің айтуынша, көп елде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтеді. Себебі негізгі заң бұрын қабылданған. 

Заман өзгеріп отырады. Өскелең ұрпақтың талаптары мен қалаулары да өзгеріп отырады. Техникалық тұрғыда байқаушылар үшін ерекшелік жоқ. Байқаушыларға арналған жалпы әдістеме бірдей, - деді ол. 

Бұл учаскеге 3511 сайлаушы келеді деп күтіліп отыр. Аталған учаскеде 10 халықаралық бақылаушы,10 БАҚ өкілі және 9 қоғамдық ұйым бар.

Айта кетейік, бүгін елімізде конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы