Референдум. Ертең дауыс беруге итермелейтін материалдарға тыйым салынады
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов референдум алдындағы үнсіздік күндері қандай тыйымдар барын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Референдум туралы» Заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес, референдумның алдындағы күні және референдум өткізілетін күні кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады.
"Үгіт-насихат" ұғымының мәні мен мазмұнына сүйене отырып, референдумға шығарылған сұрақты сайлаушыларды «дауыс беремін» не «қарсымын» деп дауыс беруге итермелейтін материалдар үгіт-насихат ретінде қаралады. Сонымен қатар, референдумға бес күн қалғанда, оның ішінде «үнсіздік күні» және дауыс беру күні, яғни 5 және 6 қазанда қоғамдық пікірге сауалнама, референдум нәтижелерінің болжамдарын, басқа зерттеулерді, референдумге шығарылған сұраққа қарсы немесе жақтап дауыс берулерді бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейді, - деді Қанат Ысқақов.
Ысқақов аталған тыйымдарды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102 және 120-баптарында әкімшілік жауаптылық көзделгенін атап өтті.
Бұзушылықтарға жол берген жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде әлеуметтік желі қолданушылары жауапқа тартылуы мүмкін. Өз кезегінде, бұрын интернет-ресурстарда орналастырылған үгіт-насихат материалдары, сайттың басты бетіне шығарылмай, бұрынғы орындарында сақталуы қажет. Оларды жоғарыға шығаруды болдырмау үшін пайдаланушылардың комментарийлері функциясын өшіру ұсынылады. Сондай-ақ, референдум күні, өткізу талаптары, дауыс беру тәртібі және т.б. туралы түсіндірме сипаттағы бұрын орналастырылған ақпараттық материалдар, жарнамалық баннерлерді қоса алғанда, бұрынғы орындарында қалуы қажет, - дейді Қанат Ысқақов.