Референдум бойынша қалалық қоғамдық штаб Шымкентте 120-дан астам кездесу өткізді
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазір жер-жерде ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды насихаттайтын қоғамдық штабтар құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Шымкентте құрылған қоғамдық штаб үш топқа бөлінген екен. Түрлі орындарда кездесулер өткізіп келеді. Әзірге 120 жерде кездесу өткізіп, 36 мыңдай адамды қамтыпты. Мұны бүгін Шымкент қаласындағы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қоғамдық штаб мүшесі Қанатбек Досалиев айтты.
Алдымызда өте үлкен саяси науқан келе жатыр. Қаламызда қоғамдық штаб құрылды. Штаб құрамында елге белгілі азаматтар, барлығы 22 мүшесі бар. Штаб мүшелері 3 топқа бөлінген. Әрқайсысы алдын алдын ала белгіленген баратын нүктелеріне барып, жұмыс істеп жатыр. Мен 2-топтың жетекшісімін. Тобымда 7 мүшеміз: ғалымдар, қоғам қайраткерлері, заңгер, журналистер, білім саласының басшылары, депутаттар бар. 30-дай кездесу өткіздік. Мұның ішінде өнеркәсіп орындарына барып, жұмысшылармен кездестік. Қазіргі таңда кездесулеріміз негізінен білім ордаларында, соның ішінде колледж, мектерде болып жатыр. Жастар орталығында да кездесулер ұйымдастырып жатырмыз. Жалпы қалалық қоғамдық штаб мүшелері 120-дай кездесу өткізді, яғни 120-дай мекемеге барды. 36 мыңдай адам қамтылды, демек 36 мыңдай адамға Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерді түсіндірдік. Барлығы белгіленіп берілген, жоспарланған 160 нүктелі кездесу орнымыз бар, — дейді Қанатбек Досалиев.
Ол кездесу кезіндегі сұрақтардың көбі Конституцияның 6-бабына қатысты болатынын айтады.
Барған жерімізде халықтың референдумға қолдауын байқаймыз. Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша сұрақтар, әсіресе, 6-бапқа байланысты, жер байлығына, меншігіне байланысты сұрақтар қояды. Тілге байланысты да сұрақтар қояды. Конституцияға өзгеріске қатыссыз, дәлірегі зейнетақы жасын төмендету, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы туралы да сұрақтар болып жатыр. Жалпы Конституцияда 31 бапқа өзгеріс еніп, жаңадан 2 бап қосылғалы отыр. Бұл өзгерістер өте маңызды. Жалпы тыныс-тіршілігімізге, құқығымызға, өмірімізге байланысты өзгерістер екенін түсіндіріп жатырмыз. Азаматтардың құқықтары Конституцияда белгіленген. Сондықтан саяси маңызы өте жоғары іс-шара, — дейді ол.
Қоғамдық штаб мүшесі Конституциядаға енгізілетін оң өзгерістердің бірі — Конституциялық соттың қайта құрылуы екенін айтты.
Бұл неліктен қажет? Бізде Конституциялық Кеңес бар. Бірақ қарапайым халықтың бұл кеңеске сұрақ қою мүмкіншілігі жоқ. Әр азаматтың құқығы Конституцияда белгіленген. Конституциялық сот құрылғаннан кейін халық осы сотқа сұрағын қойып, құқығын қорғау бойынша жүгіне алады. Бұл өте үлкен дәрежедегі сот шешімі болады. Қазір Жоғарғы сотқа дейін апелляция берсе, енді Конституциялық сотқа да жүгіне алады. Оның 10 мүшесі болады. Сондықтан айтарым, халық референдумға өзі үшін баруы керек. Конституциядағы қай өзгеріс те халыққа керек, — деді Қанатбек Досалиев.