Референдум: Алматыдағы учаскелердің дайындығы тексерілді
Жұмыс сапарына ОРК хатшысы Шавхат Өтемісов, ОРК мүшесі Әсел Жанәбілова және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
3-4 наурыз күні Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық аясында инспекциялық сапармен Алматы қаласы және Алматы облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс сапарына ОРК хатшысы Шавхат Өтемісов, ОРК мүшесі Әсел Жанәбілова және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
Сапар барысында ОРК Төрағасы Алматы қаласындағы №254, 378 учаскелері, Қонаев қаласындағы № 946, 947, 949 референдум учаскелерінің дауыс беруді өткізуге дайындығын және олардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін бағалады.
Референдум учаскелеріндегі дауыс берушілерге арналған ақпараттық стендтерде референдум комиссияларының құрамы, жоғары тұрған комиссиялардың, сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының орналасқан орны мен телефондары, сондай-ақ дауыс беруге арналған бюллетень үлгісі, жаңа Конституция жобасының мәтіні мен ғимаратта дауыс берудің тәртібі туралы қамтылған.
Қолжетімді және инклюзивті орта жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Мүгедектігі бар адамдар үшін дауыс беруге арналған бюллетеньдерге Брайль қарпі бар трафареттер, арба пайдаланатын азаматтар үшін бейімделген құпия дауыс беру кабиналары, сондай-ақ дауыс беру бөлмесін жабдықтау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес арнайы жабдықталған бұрыш (компьютер, үлкейткіш әйнек, қосымша жарықтандыру) қарастырылған.
Ағымдағы науқан аясында қолжетімділікті арттырудың қосымша тетігі ретінде ақпараттандырудың кеңейтілген форматы енгізілді: әрбір учаскеде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндік нұсқасымен қатар, аудио нұсқасы да қолжетімді.
Дауыс беру күні өз учаскесінде дауыс бере алмайтын, уақытша басқа жерде болатын азаматтардың электоралды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға сәйкес есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі уақытта азаматтарды республикалық референдумның өту барысы туралы әр түрлі байланыс арналары арқылы кеңінен ақпараттандыру ұйымдастырылуда және арнайы онлайн сервистер іске қосылуда. Осыған байланысты ОРК Төрағасы учаскелік комиссияларға әрбір дауыс берушіге QR коды бар дербес шақыру қағаздарын жеткізу жұмыстарын сапалы түрде қамтамасыз етуді тапсырды.
Учаскелерді аралау қорытындысымен Нұрлан Әбдіров басты міндет - азаматтардың өз дауысын еркін және кедергісіз беруін қамтамасыз ету үшін заңнамамен белгіленген барлық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.
Сапар аясында мегаполис пен Қонаев қаласында өткізілген жиында ведомствоаралық үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кеңеске жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Жергілікті атқарушы органдардың басшылары республикалық референдумға қатысушылар тізімін өзектендіру жұмысын аяқтағандықтары және учаскелердің дауыс беру күніне дайындық деңгейі туралы баяндады.
Құқық қорғау органдарының басшылары азаматтардың электоралды құқықтарын қорғау, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Сапар аясында аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының басшыларына арналған семинар өткізілді. Оқыту процесі алдымен бастапқы тестілеуден басталды, оның нәтижесіне сәйкес олардың дайындық бағдарламасы қалыптастырылды.
Бағдарламада референдумды өткізудің құқықтық негіздері, дауыс беру күні әрекет ету алгоритмі, құжаттарды рәсімдеу тәртібі, сондай-ақ байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өзара әрекеттесу мәселелері қарастырылды. Семинар барысында практикалық кейстер қаралып, нақты жағдайларға арналған әдістемелік ұсынымдар берілді.
Оқыту аяқталған соң қорытынды тестілеу жүргізілді.
Мұндай дайындық үлгісі аудандар мен қалаларда каскадтық әдіспен жүзеге асырылып, барлық деңгейдегі комиссиялардың кәсіби дайындық стандарттарын біркелкі қамтамасыз етуге бағытталуда.
Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша 663 референдум комиссиясы жұмылдырылған (9 аумақтық, 654 учаскелік), олардың құрамында 4615 комиссия мүшесі бар.
Республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар саны – 1 311 842 адам.
Алматы облысы бойынша республикалық референдумға 694 комиссия жұмылдырылған (12 аумақтық, 682 учаскелік), олардың құрамында 4 806 комиссия мүшесі бар.
Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар саны - 1 029 611.