Референдум алдындағы "тыныштық күні": Нені ескеру керек?
Заңға сәйкес референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік республикалық референдум қарсаңында үгіт жүргізу және қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялауды реттейтін заңнаманың негізгі талаптарын еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес, референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Ертең сағат 00:00-де үгіт кезеңі аяқталады. Осы сәттен бастап “тыныштық күні” басталады. Бұл дегеніміз, 14 наурызда және дауыс беру күні – 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді. Бұл талаптар заңнамамен белгіленген және электоралдық үдерістің барлық қатысушылары үшін міндетті, – дейді Сүйіндік.
Дауыс беретін жайлардан басқа жерлерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдарының, плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуына рұқсат етіледі.
Ләззат Сүйіндік қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу ережелеріне де тоқталды.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес, мұндай сауал салулар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.
Аталған заңның 28-бабының 9-тармағына сәйкес, дауыс беру күнінен бес күн бұрын және дауыс беру күні тікелей қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдумның алдын ала қорытындыларын және референдумға байланысты басқа да зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн платформаларда жариялауға тыйым салынады.
Заң сондай-ақ дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге нақты талаптарды белгілейді. Олар дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте өткізілмейді. Мұндай сауалдар тек учаскелік комиссияның шыға берісінде және тиісті түрде Орталық референдум комиссиясын хабардар еткен заңды тұлғалар арқылы ғана жүргізіледі, – деді Ләззат Сүйіндік.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Еске салсақ, 2026 жылдың 15 наурызында ауқымды медиажоба – «Референдум – 2026» онлайн марафоны өтеді. Марафон сағат 09:00-де басталып, түнгі 00:15-ке дейін жалғасады.