Референдум-2022: Алматыда дауыс беру үшін өз учаскеңізді қалай білуге болады

Алматы, BAQ.KZ. Алматы тұрғындары үшін Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша 2022 жылғы 5 маусымға белгіленген республикалық референдум туралы ақпарат беретін бірыңғай Call-орталық іске қосылды.

Call-орталық халықты ақпараттандыру және қала тұрғындарына референдум мәселелері бойынша кеңестер беру әрі дауыс беру процесіне тарту үшін құрылған.

Бірыңғай Саll орталыққа +7 (727) 3384545 телефоны бойынша хабарласып, өзіңізді республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінен тексеруге, сондай-ақ өз учаскеңіздің нөмірі мен мекенжайын нақтылауға болады.

Қоңырау шалу барысында Call-орталықтың операторлары азаматтардың мүмкіндіктеріне, дауыс беру рәсімдеріне және референдум күніндегі учаскелердің жұмысына қатысты барлық заңнамалық нормаларды түсіндіреді.

Call-орталық қоңырауларды күн сайын үзіліссіз және демалыс күндері, сондай-ақ  дауыс берілетін күннің соңына дейін сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін  қабылдайды, open-almaty.kz сайтында дауыс беруге арналған учаске туралы ақпарат алу жөніндегі Функционал қолжетімді, қажетті ақпаратты Telegram-бот @ReferendumAlmaty2022Bot арқылы да алуға болады. Өзіңізді тізімдерден табу және мәліметтерді алу үшін ЖСН нөмірін енгізу қажет.

Референдумға «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен референдум азаматтардың ерікті түрде қатысуы, ойын еркін білдіруі, сондай-ақ жалпыға бірдей, тең, тікелей және жасырын дауыс беру қағидаттары бойынша өтеді.

Еске алсақ, республикалық референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтеді. Алматыда барлығы 574 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Толық ақпарат Алматы әкімдігінің сайтында қолжетімді.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы