Референдум-2022: Алматыда дауыс беру белсенділігі арта бастады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрайымы Жанна Асанова брифинг барысында халық дауыс беруге таңғы сағат 07.00-ден бастап келе бастағанын, дегенмен белсенділік енді арта бастағанын айтты.
Бүгін таңғы сағат 7.00-де қаладағы барлық референдумға дауыс беру учаскелері ашылып, жұмысын бастап кетті. Осы уақытқа дейін ешқандай заңбұзушылықты көрмедік, тіркелмеді. Қала бойынша референдумға қатысу құқығы бар адамдар тізіміне 1 млн 126 854 азамат кірді. 1388 азаматқа есептен шығару куәлігі берілген,-деді ол.
Сонымен қатар ол үй-жайда дауыс беру өтінішін қабылдау сағат 12.00-ге дейін қабылданатынын, одан кейін тоқтайтынын жеткізді.
Қаладағы дауыс беру учаскелерінің барлығы пандуспен қамтылған, тек екі учаске екінші қабатта орналасқан. Ол маңда бірінші қабатта дауыс беруге болатын ғимарат табылмады. Дегенмен мүмкіндігі шектеулі адамдар келсе сол жердегі қызметкерлер көмектеседі,-деді комиссиясының төрайымы.
Сонымен қатар ол дауыс беруге келген азаматтар қарасы енді көбейе бастағанын айтты.
Аудандағы учаскелерден алынған ақпаратқа сүйенсем, дауыс беру белсенділігі ақырындап өсіп жатыр. Ары қарай қалай болатынын күтеміз,-деді ол.