Райымқұлова: Салалық мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл мәдениет, архив, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөлінді.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы шеңберінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50%, ал өңірлік ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларынан 35% көлемінде көтерілді, - деді ол.

Спорт саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан жалпы сомасы 12,6 млрд. теңге көлемінде нысаналы трансферттер бөлінді. Трансферттер ай сайын жүзеге асырылады.

Министрдің мәліметінше, мектептер мен колледж қызметкерлерінің де жалақысы артады.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп, жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғаятын болады, - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы