Райымқұлова «Ұлы дала таңы» фильмінің түсірілім алаңында болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған делегация Алматы облысы Қапшағай қаласының маңында орналасқан «Ұлы Дала таңы» фильмінің түсірілім алаңына барып қайтты, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де арнайы ұйымдастырылған баспасөз турының арқасында тарихи фильмінің түсіру барысының куәсі болды.
Журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтаған министр тарихи кинотуындының шығармашылық тобымен де әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
Түсірілім алаңында журналистер шығармашылық топтың күрделі сахналардың бірі – Ұлытаудағы шайқастың түсірілімін тамашалап, үзіліс кезінде режиссер Ақан Сатаевпен және басты рөлдегі актер Берік Айтжановпен сұхбаттасты.Түсірілім алаңында бар күшін салып жұмыс жасап жатқан барлық түсіру тобына ерекше алғысымды білдіріп, сіздерге артып отырған үмітіміз зор екенін жеткізгім келеді. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ режиссер шілде айының басында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін түсіретінін, ал кейін түсіру жұмыстары Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімделген «Түркістан» декорациясында жалғасатынын хабарлады.Түсірілімдер ойдағыдай жүріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды. Бүгін түсірілімнің 41-күні, біз шешуші әрі қиын сахналардың бірін түсіреміз. Түсірілімге 300-ге жуық адам қатысады – 56 каскадер, 200-ден астам шабандоз бар. Жұмыс жоспар бойынша жүруде, – деді Ақан Сатаев.
«Ұлы дала таңы» тарихи фильмі Қасым ханның өмірі, хандық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі туралы баяндайды. Кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлы Дала таңы» фильмінің түсірілімі биыл ақпан айының соңында Алматы облысы Көктал кентінің маңында басталды. Жобаның шығармашылық ұжымы: Бас продюсері – Әлия Назарбаева, сценарий авторлары – Бекболат Шекеров пен Ақан Сатаев; қоюшы суретші – Қуат Тлеубаев; қоюшы операторы – Хасан Қыдыралиев; грим бойынша суретшілер – Лидия Ордынская, Ботагөз Әбдібаева; костюм бойынша суретші – Дина Буксикова.
Тарихи жобаның ғылыми кеңесшілері: тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев; философия және сәулет өнері докторы Алмас Ордабаев; суретші-кескіндемеші, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-қару жасаушы Қалиолла Ахметжан және басқалар.
Фильмде түсіп жатқан актерлер: Берік Айтжанов (ересек Қасым хан), Данияр Оразаев (жас Қасым хан), Айдос Әбдіқадыров (жас Бұрындық хан), Ерік Жолжақсынов (ересек Бұрындық хан), Нұрлан Әлімжанов (Мұхаммед Шайбани), Алтынай Нөгербек (жас Жахан Бегім), Шамшагүл Меңдиярова (қарт Жахан Бегім), Тұңғышбай Жаманқұлов (ересек Әли Рашид), Қуаныш Құдайберген (жас Әли Рашид).