Райымқұлова легионерлерді азайтуға қатысты пікірін білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халыққа есеп беру кездесуінде легионер спортшыларға қатысты пікір білдірді.
Легионерлер санын қысқарту мәселесі өте өзекті. Олардың санын реттейтін ережелерге сәйкес, жыл сайын легионерлер саны азайып келеді. Сонымен қатар жақсы нәтижеге қол жеткізетін спортшылар да бар. Мысалы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Зульфия Чиншанлоны айтсақ болады. Ол Қазақстанға 14 жасында келді. Осындағы спорт мектебінде оқып, бүгінгі таңда керемет нәтижелерге жетіп отыр, - деді Райымқұлова.
Министр спортшы Қазақстан азаматтығын алып, ел атынан жарыстарға қатысу үшін осында үш жыл тұру керек деген заңды тағы бір қайталап өтті.
Азаматтық алған соң, легионер емес, осы елдің бір азаматы болады. Құраманың ойыншысы атанады. Ал командалардағы легионерлердің санын азайтуды кезең-кезеңімен жүргізе береміз. Легионерлердің саны азайған сайын талантты жастарымызға, қазақстандық спортшыларға әртүрлі спорттық жарыстарда өздерін көрсетуге мүмкіндік көбейеді. Мысалы, бүгінде Қазақстан құрамасында су добы бойынша бірде-бір легионер жоқ. Барлығы – Қазақстанның азаматтары, - дейді ол.