Равиль Гайнутдин діндер съезіне қатысады
Равиль Гайнутдин Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының және Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы мүфти шейх Равиль Гайнутдинмен кездесті.
Тараптар дінаралық диалогты дамытудағы өзара іс-қимылды талқылап, Қазақстан мен Ресей мұсылмандары діни басқармалары арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне қанағаттанушылық білдірді.
СІМ-нің мәліметінше, Кездесу барысында дінтану және рухани-ағартушылық қызмет саласында кадрлар даярлаудың маңыздылығы айтылды.
Сонымен қатар, жас ұрпақтың құқықтық санасының қалыптасуына ықпал ететін ксенофобия, ұлтшылдық және экстремизм көріністерінің таралуына кедергі болатын дәстүрлі рухани-адамгершілік, мәдени-тарихи құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Равиль Гайнутдин қыркүйек айының ортасында Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын растап, форумды бірде-бір рет өткізіп алмағанын еске салды. Жиырма жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараны жоғары бағалап, түрлі конфессия өкілдеріне қазіргі заманның жаһандық мәселелерін талқылауға және пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаң қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір, пандемиядан кейінгі кезеңде саяси басшылыққа қоғамның қай бағытта дамуы керектігін айта алатын діни көшбасшылардың рөлі бірінші орында.