Рауан Кенжеханұлы: Президент жаңа аударма мектебін дамытуды тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Ұлттық аударма бюросының жетекшісі Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Қабылдаудан кейін Рауан Кенжеханұлы өз ойымен бөлісті.
Біріншіден, Абайды 10 тілге аудару және қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобалары туралы есеп бердім. Қазіргі қазақ тілі, аударма сұрақтары, кірме сөздер, терминология мәселелері жан-жақты талқыланды. Президентке Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігін көрсеттім. Мемлекет басышысы сөздікті асықпай парақтап, ағылшын тілінен енген біраз сөз бен ұғымдарға арнайы тоқталып, пікірін айтты. Қалыптасып келе жатқан жаңа аударма мектебін дамытуды тапсырды. Екіншіден, қазіргі қашықтан оқыту мәселелерін талқылап, біздің осы бағыттағы тәжірибеміз туралы баяндадым. Қашықтан оқыту ұғымы мен талаптарын заңдастыру туралы ұсыныс енгіздім. Президент қолдау білдірді. Үшіншіден, әлем азаматы емес қазақ азаматын тәрбиелейтін ұлттық мектеп үлгісі мен оның мазмұны туралы егжей-тегжей әңгіме болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық мектеп пен оның мазмұнына қатысты ұсыныстарымды қолдап, олардың іске астыру бағытындағы бірқатар нақты тапсырмалар берді. Төртіншіден, мектеп жасындағы балалар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары мен балалардың жан саулығын және өмірлік дағдыларын нығайтуға арналған бағдарлама қажеттігін ұсындым. Оған жауапты болар мемлекеттік органды анықтауды сұрадым - деп жазды Рауан Кенжеханұлы өзінің әлеуметті желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ол, Президенттің осы тақырыптарға көңіл бөліп, әр сөзге зейін қоя тыңдағанын атап өтті.
Президенттің осы тақырыптарға көңіл бөліп, әр сөзге зейін қоя тыңдаған ықыласына тәнті болдым. Үлкен ризашылық білдіріп, зор алғыс айтамын! Сайлауында сенімді өкілі болғанымды мақтан тұтатамын - деді ол.