Рауан Кенжеханұлы: Оқулықтарды аударуға ұлттық университеттердің мамандары кеңінен тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Рухани жаңғыру: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы Ұлттық аударма бюросының жұмысы» тақырыбында онлайн брифинг барысында қоғам қайраткері, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы айтты.

 

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мақсаты – дүние жүзіндегі ең ілгері деген оқу орындарының бағдарламасына кірген, бірқатар тілге аударылып, әлемде білім беру саласында кеңінен қолданылатын оқулықтарды қазақ тіліне аударып, өзіміздің студенттерге, оқу орындарына жеткізу.  Бұл жобаны іске асыру үшін әуелі елдегі оқу орындарынан ұсыныс алдық. «Қандай оқулықтарды аудару қажет деп санайсыз?» деген сұраққа жауап ретінде 800-ден аса оқулық келді. Яғни бұл оқулықтарға қажеттілік, сұраныс өте жоғары. Өйткені осы уақытқа дейін оқытушылар бұл оқулықтарды тауып алып, шамасы жеткенше өздері аударып оқытып келді. Бұл 800 оқулықтың бәрін аудару мүмкін емес. Сондықтан арнайы жұмыс тобы белгілі бір талаптарды анықтап, соның негізінде жыл сайын 30 оқулықтан бекітіп беріп отырды. Біз 77 оқулық аударып, басып шығарып, еліміздегі 132 жоғары оқу орнының (мемлекеттік, жекеменшік) кітапханасына жеткіздік, - дейді ол.  

Рауан Кенжеханұлы оқулықтарды аударып, дайындауға еліміздегі ұлттық университеттердің мамандары кеңінен қатысқанын айтады. Жалпы алғанда аударма жұмысына 300-ге тарта оқытушы, ғалым, редактор, аудармашы қатысқан. Кітаптардың дені ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылған.   

Бұл жердегі аудармашылар тек тіл білетін маман емес, тиісті пәннен хабары бар адамдар. Ғылыми, әдеби редакторлар оқулық тілінің жатық болуы, сауатты аударылуы, термин мен ұғымдардың дұрыс берілуіне жауап берді. Одан кейін бұл оқулықтар тиісті жоғары оқу орындарының кафедраларында талқылаудан өтеді. Яғни, ертеңгі күні оқулықты пайдаланатын оқытушылар әрбірін талқылап, ұғымдар орнында ма деген сияқты тексеруден өткеннен кейін әр оқулық қай университетте талқыланғандығы айтылады. Осылайша, бірнеше сатыдан тұратын сапаны қамтамасыз етуге арналған жүйе қалыптасты. Осындай жұмыс ретімен жоғарыда айтып өткенімдей, 77 оқулық аударылып, таратылды. 100-ге толтыру үшін тағы 20 оқулық аударылып болды, олар қазір баспаға дайындалып жатыр. Олар ЖОО-на жеткізіледі, - деді ол. 
 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы