Қатерлі шабуылдарға тек сыртта ғана емес, іште де тойтарыс беруге дайын болған жөн – Расул Жұмалы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біздің қоғамдық санада әлемдік саясаттағы оқиғалар Қазақстанға айтарлықтай әсер етпейді, әлдекімдер өзара жаға жыртысып жатса, одан қазаққа келіп жатқан зиян жоқ сынды түсінік кең тараған, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Кейде осы сыртқы саясатты қойшы, іштегі жағдайды айтпайсың ба деп өзіме дүрсе қоятындар табылады. Бұл қате ұстаным. Шындығында Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс болсын, Сириядағы соғыс әрекеттері болсын, басқа шиеленісті жағдайлардың біздің елге теріс ықпалы қазір де жетіп артылады. Осындай қауіптердің арасында Ауғанстанның жөні бөлек. Бүгінде аталған елде экстремисттер билік үшін жаппай шабуылға көшуде. Басты мәселелердің бірі – бұндағы Талибан, Әль-Қаида, басқа да дінді тұрпайы ұғынған радикалдар Ауғанстанды бағындырумен шектеле ме? Әлгіндей боламаса бірінші кезекте олар нысанаға оңтүстіктегі одақтас Пәкістанды, иә батыстағы азулы да діни ұстанымы бөлек шииттік Иранды не шығыстағы алпауыт Қытайды емес, Орталық Азияны нысанаға алуы мүмкін, - деп жазды ол.
Ол қатерлі шабуылдарға тек сыртта ғана емес, іште де тойтарыс беруге дайын болған жөн екенін айтады.
Бұған Сирия мен Ирақтағы соғыста әбден машықтанған мыңдаған тегі өзбек, тәжік, шешен, қырғыз, қазақ содырлардың басым бөлігі олардың қарамағына келіп құйылғанын қосыңыз. Мәселенің екінші ұшы – дағдарыстан көз ашпай, өзара кикілжіңдерге бой алдырған Орталық Азия республикалары төнген қауіп-қатерге төтеп беруге қауқарлы ма? Оның үстіне Ауғанстандағы дүлей күшті соңғы 20 жыл бойы тұсауда ұстап келген НАТО кетуге шақ тұрса. Тіпті одақтастар санатындағы Ресей мен Қытай араша түскен күнде ондай қолғабыстың құны қандай болмақ? Әсіресе онысы үлкен саясатта әдетте Тәуелсіздіктің шектелуімен өлшенетінін ескерсе. Ал енді өздігінше Халифат құрмақ болған сол радикалдар кезінде жер-жердегі сақалды жақтастарына сүйеніп Сирия, Либия, Ирак, Ауғанстанды не істеді? Тас-талқан етіп қанға батырды. Ендеше осындай қатерлі шабуылдарға тек сыртта ғана емес, іште де тойтарыс беруге дайын болған жөн, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Мақтааралда жыл соңына дейін 2 ірі кәсіпорын іске қосылады
Өзгелердің жаңалығы