Бүгiн 2026, 18:57 Фото: видеодан алынған кадр

Рақымшылыққа ілінген сотталушы колониядан тікұшақпен ұшып кеткен

Босатылған кәсіпкердің әрекеті қызу талқылануда.

Қырғызстанда бұрын сотталған вебкам-студиялар желісінің негізін қалаушы Даниэль Ажиев түзету колониясынан тікұшақпен кеткені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kg басылымына сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты елдің Төтенше жағдайлар министрлігі растады. Ведомство мәліметінше, Ажиев отырған Чүй облысындағы Петровка ауылында орналасқан №8 түзету колониясына тікұшақ қонған.

Алайда әуе кемесін Ажиевтің өзі емес, басқа адам жалға алған. Тікұшақты жалға алу құны 268 мың сомды (шамамен 1,5 миллион теңге) құраған. Құтқару қызметінің дерегінше, тікұшақ түзету мекемесінің аумағынан тыс жердегі алаңға қонып, сол жерден қайта ұшып кеткен.

Еске салайық, 2024 жылдың күзінде сот Даниэль Ажиевті тоғыз жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу және 220 мың сом көлемінде айыппұл төлеу жазасын тағайындаған болатын. Ол притон ұйымдастырды, порнографиялық материалдар таратты және мүліктік залал келтірді деп танылған.

Туыстарының айтуынша, Ажиев 2026 жылдың ақпан айында Қырғызстан президентінің рақымшылығы негізінде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.