Рақымшылық. Сыбайлас жемқорлықпен сотталған бірнеше адам босады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев жемқорлықпен ұсталған қанша адам рақымшылыққа ілінгенін айтты.
Қазіргі уақытта мекемелерде бұған дейін рақымшылық актісі қолданылған 1 972 сотталған ұстауда отыр, оның 594-і 2016 жылы болған рақымшылықпен шығып, қылмыс жасап, қайта келгендер.
Осы биылғы жылғы «Рақымшылық туралы» заңның бір ерекшелігі бұрын рақымшылықпен босатылып сотталғандарға қайтадан мүмкіндік беретін норма қарастырылған. Мұндай норма алғаш рет енгізілді. Бұрынғы заңдарда болмаған, - деді ол.
Мейрам Аюбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарға келетін болсақ, қазір мекемелерде осындай баппен сотталған 501 адам бар.
Алдын ала есептеулер бойынша, мұндай топтың ішінен 7 адам рақымшылыққа ілінеді, оның төртеуі босатылады және 3 сотталған адамның мерзімдері қысқартылады. Бұл ауыр емес және орташа сыбайлас жемқорлық бабымен сотты болған адамдар. Заңға сәйкес рақымшылық жасау актісі ауыр және аса ауыр сыйбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарға қолданылмайды, - деп түсіндірді комитеті төрағасының орынбасары.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті деректері бойынша рақымшылық жасауға 2 292 сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 11 мыңнан астам адам түседі. Оның ішінде мыңға жуық адам бостандыққа шығады, 4 мыңға жуық адам пробация қызметінің есебінен толық шығарылады.
Сондай-ақ пробация қызметінің 9 мыңнан астам сотталған және есеп беретін адамдары жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін қысқартылады. Барлығы 64 әйел, 898 ер босатылады.