Қарлығаш Рамазанова: Ұлттық спорт мектеп бағдарламасына енгізілу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылдың соңында Ұлттық спорт саласындағы жетістіктер мен атқарылған жұмыстар, алдағы меже мен мақсаттарға қатысты ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық спорт түрлері және спортта мүмкіндіктері шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазановамен пікір алмасудың сәті түскен болатын.

– Қарлығаш Әсетқызы, соңғы бірнеше жылда ұлттық спортымыз біршама дамығанын байқап жүрміз. Десе де ел бойынша осы спортымызбен қанша адам айналысады? Ондай дерек бар ма сіздерде?

– Әрине бар. Тарих қойнауына кеткелі тұрған 2019 жыл еліміздің спорт саласы үшін табысты болды деп айтсақ артық болмас. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында спорт саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында кенже қалған емес. Сонымен қатар ұлттық спорт та соңғы жылдары кеңінен қанат жайып, дамудың даңғыл жолына түскендей.

Статистикалық деректер ұлттық спорт түрлерінің тұрақты түрде дамып отырғанын көрсетеді. Бұл спорт түрлерімен шұғылданатындар саны 2017 жылғы 343,3 мың адам болса, 2018 жылы 375,9 мың адамды құраған, оның ішінде ауылдық жерде – 241,4 мың атам осы ұлттық спортымызді жанына серік еткен. Ал біздегі мәліметтерге қарағанда 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығының өзінде бұл көрсеткіш – 385,8 мың адамға жетіп отыр. Осы спортпен айналысушыларға 1384 штаттық жаттықтырушы арнайы дәріс беріп, білгендерін үйретіп жүр. Оның ішінде 814 жаттықтырушы – ауылдық жерде тұрады.

– Яғни, еліміздегі ұлттық спортпен айналысатындардың басым көпшілігі ауылда тұрады дейсіз ғой?

– Солай деуге болады. Оның да өзіндік себебі бар. Ұлттық спорттың негізі көшпенді өмірімізден бастау алса, сол көшпенділік дәстүріміздің өзі ауылдан басталады. Ал ауылда күнделікті деуге болатын көкпар додалары, той-мерекелер ұлттық спортымызсыз өтпейтіні белгілі.

Сонымен қатар, Халық спорты ойындарының, "Ақ бидай" ауыл ойындарының, Ауыл жасөспірімдері ойындарының, Ұлттық спорт түрлері фестивалінің өтуі, қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" және "Жас Барыс" республикалық турнирінің, ұлттық спорт түрлерінен әр түрлі жастағы спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаттарының өтуі оң ықпал етуде.

– Ұлттық спорттың ауылдық, аудандық жерлерде дамуына өңірлерде ашылған ұлттық спорт мектептерінің де ықпалы бар шығар? Қанша өңірде ұлттық спорт клубы бар?

– Иә. Бірнеше жылдан бері қолға алынып келе жатқан өңірлерде ұлттық спорт мектептері мен клубтарын ашу оң өзгерістерге негіз болды деуге болады.

Бүгінгі таңда Республика аумағында ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған 8 спорт клубы және 13 спорт мектебі жұмыс істейді.

Елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін әр түрлі деңгейде (ауылдық деңгейден халықаралық деңгейге дейін) мыңдаған іс-шара ұйымдастырылып тұрады, соның ішінде, 2018 жылдың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде 86 іс-шара өткен, оның ішінде 50 республикалық, 36 халықаралық жарыс.

– Ұлттық спорттан сайыс өткізу бар да, оны насихаттау бар. Осы насихат жағы қалай, соған тоқталсаңыз?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласын жүзеге асыру, сонымен қатар Жастар жылы аясында Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін танымал ету мен насихаттау, ежелгі өнерді дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірінде бүркітшілер орталығын ашу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде құсбегілік өнері жақсы жолға қойылды. 

Ал 2019 жылғы 18-25 қыркүйек аралығында ұлттық спортымызды дәріптеу, географиясын кеңейту мақсатында 1000-нан астам спортшының қатысуымен Ақтөбе қаласында Ұлттық спорт түрлерінен V республикалық фестиваль өтті. Мұндай фестиваль республика аумағында жастар мен жасөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтарын арттыру; шұғылданушылар санын көбейту; ұлттық спорт түрлері арқылы жастар мен жасөспірімдер арасында достық пен өзара татулық қатынастарды нығайту; ұлттық спорт түрлерінен еліміздің үздік спортшыларын анықтау; ұлттық спорт түрлерін дамытудағы ең мықты өңірді анықтау қатарлы кешенді міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Бұл шаруаның барлығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының, спорт түрлерінен федерациялардың бірлесе атқарған жұмысының жемісі деп білемін.

– Ұлттық спорт саласында жеткен жетістіктеріміз аз емесін байқадық. Дегенмен, осы саланың басы-қасында жүрген соң кемшін тұстарын да атап өтсеңіз?

– Иә, ешнәрсе кемшіліксіз болмайды. Саладағы оң тенденцияларға қарамастан, түйткілді мәселелері де бар.

Дене шынықтыру және спорт саласының мәселелерін реттейтін "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңы біздің жұмысымыздағы басты құжатымыз. Аталған заңның талаптарын сақтау біздің міндетіміз. Заңға тәуелді актілерді, спорт саласындағы нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарын орындау баршамыздың жұмысымызды біршама ілгерілетеді, жеңілдетеді.

Дегенмен, 18-25 қыркүйекте Ақтөбе қаласында өткен Ұлттық спорт түрлерінен V Фестивальдің қорытындысы бойынша еліміздің бірқатар өңірінен келген спортшылардың ойынына көңіл толмады.

– Нақты қай өңірдің спортшылары олқылық көрсеткенін айта аласыз ба?

– Алматы, Шымкент қалаларының, Павлодар, Алматы, Жамбыл облыстарының құрама командаларының спортшылары ат спорты түрлерінен "қанағаттанарлықсыз" деңгейде өнер көрсетті.

– Нақты қандай спорт бойынша кемшіліктер бар?

– Алматы қаласы 5 спорт түріне – көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, құсбегілік; Алматы облысы 4 спорт түріне – көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу; Павлодар облысы 4 спорт түріне – көкпар, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік; Шымкент қаласы 6 спорт түріне – аламан бәйге, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, құсбегілік қатарлы спорт түрлеріне қатыспады. 

– Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

– Бұл біздің, яғни Министрлік пен Қауымдастық тарапынан жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті федерациялармен өзара іс-қимылымыздың жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетеді. Сондықтан да, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет деп есептеймін.

– Айтпақшы, еліміз 2021 жылы Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын өткізетіні жайлы айтылған болатын. Сол туралы тоқталсаңыз, дайындық басталды ма, қалай жүріп жатыр?

– Иә, дайындық басталды десек болады. Аталған ойындардың еліміздің тарихы үшін, спорт саласы үшін, ұлттық спорттың мәртебесі үшін маңызын есепке ала отырып, Министрлік қолдап отыр. Ойындарды өткізу жүйелі түрде, жан-жақты ұйымдастырылған іс- шараларды талап ететіні белгілі. Бұл бағытта Министрлік, Қауымдастық және ұлттық спорт түрлерінен федерациялар бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Ұйымдастыру комитеті құрылып, оның тұрақты отырыстарында Ойындарды ұйымдастыру мен өткізу мәселелері талқыланатын болады.

– Тағы бір сұрақ, жаңа жоғарыда "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңы біздің жұмысымыздағы басты құжатымыз" дедіңіз. Осы заңға түзетулер мен толықтырулар енгізуге ұсыныстар әзірленіп жатқаны жайлы айтылған еді. Онда қандай мәселелер қамтылады?

– Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" Жолдауын іске асыруға орай, бұқаралық спортты дамыту мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта федерациялардан, қауымдастықтар мен басқа да бірлестіктерден ұсыныстар жинақталып, аталған заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді.

Аталған Заң жобасына Қауымдастық тарапынан төмендегідей ұсыныс берілді.

Дене шынықтыру сабақтарын мектепке дейінгі ұйымдарда аптасына кемінде үш рет, соның бірін – ұлттық спорт түрлеріне арнау, жалпы білім беру мектептерінде – аптасына кемінде үш сағат, соның бір сағатын – ұлттық спорт түрлеріне арнау, колледжерде аптасына кемінде төрт сағат, соның ішінде бір сағатын – ұлттық спорт түрлеріне арнау, жоғары оқу орындарында аптасына кемінде төрт сағат, соның ішінде – бір сағатын ұлттық спорт түрлеріне арнау көзделіп отыр.  

– Осы жерде бір мәселе бар. Мысалы ұлттық спортқа бір сағат арнадық деп, көп шығынды талап етпейтін «асық ату», «тоғызқұмалақ», «арқан тарту» секілді ойындар ғана бағдарламаға еніп, ат спорты қалыс қалып қоймай ма?

– Сұрағың орынды. Бұндай олқылық болмас үшін аталған ұсынысты іске асырудың нақты жолдарын қарастыру қажет. Тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерін өткізуге керек-жарақпен, үй-жаймен қамтамасыз ету қиындық тудыра қоймауы мүмкін, ал ат спортын осы білім беру ұйымдарының бағдарламасына енгізудің жолдары қалай жүзеге асады деген сұрақ біздің де алдымызда тұр. Алдағы уақытта Заң жобасына ұсынылған осы тармақты жүзеге асыру бойынша нақты ұстанымдарды ұсынуды сала мамандарымен бірлесе отырып талқылайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы