Рамазанда қайырымдылық жасау кезінде санитарлық талаптарды бұзбаудың амалы қайсы?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы айтып берді.
Оның айтуынша, қасиетті рамазан айында қайырымдылық жасау ісін мешіттер немесе еріктілер арқылы жүзеге асыруға болады.
Ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы ауыз бекіткен немесе мұқтаж жандарға жеткізіп беруді қолға алмақпыз. Былтыр да осындай әдіс қолданылған. Биыл да эпидемиологиялық ахуалды күрделендірмеудің амалын жасап, осылайша әрекет етіп, тапсырылған қайырымдылық садақалар мен ауызашар заттарын жеткізіп беруді еріктілермен бірге ұйымдастыратын боламыз, - деді ол.
Оның айтуынша, мұсылмандар діни басқармасы рамазан айында қайырымдылық шараларын жоспарлы түрде жүзеге асырады. Ең алдымен елдегі онсыз да күрделі эпидемиологиялық жағдайды ушықтырып алмау мақсаты қойылып отыр.
Қазіргі жағдай бір-бірімізді сынайтын кезең емес. Осы індеттен жұдырық боп жұмылып, амандықта шығу үшін қабылданып жатқан шараларға түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Қайырымдылық істеріне атсалысам деушілерге ризашылығымызды білдіреміз, - деді Бас мүфти.
Бұған дейін Бас мүфти жасы 60-тан асқан азаматтар ораза тұтпас бұрын медициналық тексеруден өткендері жөн екені айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордада жұмыс берушілерден өтінімдер қабылдануда
Келесі жаңалық
Елордалық өрт сөндірушілер жанып жатқан көлікті сөндірді
Өзгелердің жаңалығы