Рамазан айында елордада ұйымдастырылатын іс-шаралар анықталды
Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, 20 сәуірде аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы кезеңде елордада қандай іс-шаралар ұйымдастырылады? Бұл туралы онлайн-брифингте Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Астананың, сол сияқты «Әзірет Сұлтан» республикалық мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов және «Әзірет Сұлтан» республикалық мешітінің нәйіб имамы Темірлан Ибраев айтып берді.
«Сіздерді қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Рамазан айы 23 наурыздан 20 сәуірге дейін, яғни 29 күнге созылады. Ораза айт 21 сәуірде, ал Қадір түні 17 сәуірден 18-іне қараған түні өтеді.
Aстанада 15 мешіт жұмыс істейді. Оның ішінде бес ірі мешітте әкімдік бөлген қосымша 15 автобус жамағатты тасымалдайды. Бұл автобустар 22 наурыздан 20 сәуірге дейін тегін жүреді. Олар келесі бес мешітке барады: Орталық (5 автобус), «Әзірет Сұлтан» (4 автобус), Әбу Насыр әл-Фараби (3 автобус), қажы Рафия ана (2 автобус), Рахымқызы Райса ана (1 автобус). Тарауық намазы кезінде қала мешіттеріне 30-35 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде, - деп атап өтті Нұрдәулет Әлмұханов.
Спикерлер қасиетті Рамазан айы қарсаңында жұртшылықты қызықтыратын негізгі мәселелер туралы айтты. Олар сондай-ақ кез келген адам мешіттердің имамдарына Рамазан айы туралы сұрақ қойып, толық жауап ала алатынын мәлім етті.
Астананың және «Әзірет Сұлтан» республикалық мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов биыл пітір садақтың көлемі 535 теңге мөлшерінде белгіленгенін айтты. Сондай-ақ ол жыл бойы қолдау көрсеткені үшін Астана әкімдігі мен ҚМДБ-ға алғысын білдірді.
Рамазан айында күн сайын кесте бойынша мешітке келушілер мен мұқтаж жандар үшін ауызашар ұйымдастырылады. Алдын ала белгіленген уақытта Астана мешіттерінде ерекше ауқымды ұжымдық дұғалар жасалады. Рамазан айында қала мешіттерінде Құран аяттары толық оқылады, бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты мұндай ұзақ құлшылықтарға қатыса алмайтындар үшін Шұбар ауданындағы Әл Ғани мешітінде тек Тарауық намазы оқылады. Онда Құран толық оқылмайды, - деді Ерболат Жүсіпов.
«Әзірет Сұлтан» республикалық мешітінің нәйіб имамы Темірлан Ибраев мешіттерде көпбалалы отбасыларға, аналарға, ауруханаларға арнайы барып, қайырымдылық жасалатынын айтты.
Темірлан Ибраев сонымен қатар бизнес иелеріне үндеу жасады: ол дүкен иелеріне азық-түлік бағасын көтермеуді, бұл әсіресе ораза ұстаушылар үшін бұл маңызды екенін, ал жұмыс берушілерге ораза ұстайтын қызметкерлерге түсіністікпен қарауды сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ҚМДБ Ислам және гүлденген қоғам жылы деп жариялады, осыған байланысты ораза айында «Рамазан – жақсылық айы» жобасы аясында қалада түрлі қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады.