ҚМДБ Рамазан айына байланысты мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына байланысты мәлімдеме жасады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін Рамазан айы биыл елімізде 24 cәуір күні басталатын болды. Шариғат бойынша балиғат жасына толған, ақыл есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау парыз. Алайда, сырқаты бар адамдарға, жолаушыларға, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге шариғат кейінге қалдыруға рұқсат еткен, - деді бас мүфти.

Ол ҚМДБ төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейтінін айтты. 

Сіз бен біздің міндетіміз – төтенше жағдайда төзімділік танытып, тазалық шараларына аса мән беріп, өзімізді, отбасымызды індеттен аман сақтау. Жұқпалы індетпен оқшауланып күресуіміз керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерімізде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз, - деді Наурызбай қажы.

Оның айтуынша, ҚМДБ төтенше жағдай кезінде онлайн-уағыздар мен дәрістердің арнайы кестесін бекітті. Сондай-ақ, діндарларды қызықтыратын барлық сұраққа жедел жауап беру үшін call-center ашылды: (7172) 33-30-30.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы