Рамазан-2022. Наиб мүфти қандай жағдайда ораза бұзылмайтынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында наиб мүфти Ершат қажы Оңғар хабарлады. 

Жалпы халық тарапынан оразаны қандай нәрселер бұзбайды деген сұрақтар жиі қойылады. Осыған қысқаша тоқталып кетсек. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек. Құлаққа су кіру, темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды, - деп атап өтті Ершат қажы Оңғар. 

Сонымен қатар ол тісті жуғанда қандай жағдайда ораза бұзылатынын алға тартты. 

Қан алдыру немесе сүлік салдыру; көзге, құлаққа дәрі тамызу, мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ тіс пастасы ішке кетіп қалса, бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тіс жуу. Ал тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт, - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ оның айтуынша, ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы