«Рақымжанның Қасымы...» драмасы сахналанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыдағы С.Сейфуллин театрында дауылпаз жырдың дүлдүлі – Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына арналған поэтикалық драма қойылды.

Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабековтің «Рақымжанның Қасымы» пьесасы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов арнайы шақырылып, сахналады.

Поэтикалық драмада Қасымның әндері орындалды. Ақын әндерін орындайтын театрдың жас артистерінен құралған хормен жұмыс істеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі музыкант Амантай Жұмашев.

Поэтикалық-музыкалық драма қазақ поэзиясының көгінде жұлдыз болып жарқырап, әсем ән болып шалқыған Қасым ақынның туған жерін сағынып, көгілдір Кент тауларын аңсап жыр толғаған сәттерінен басталады да, бірте-бірте балалық шағына ойысады – дейді драма авторы.

Спектакльде Қасым өмірінің бірнеше кезеңі қамтылған, сондықтан да сахнада әр кезеңдегі Қасым образын театрдың бірнеше актері сомдады. Мысалы Қ. Жағыпаров, А. Нұрмағамбетов, С. Серікұлы, А. Нұрмағамбетов, Б. Нұрмағамбетов, А.Амантай Қасымның әр кезеңдегі бейнесін сәтті сомдай білді.

Поэтикалық драма Қасымның өмір жолынан гөрі, оның шығармашылық өсу жолын қамтиды. Ата-анасынан айрылып, жетім қалған бала Қасымның оқу іздеп, Семейге барған сәтінде, пысықтығының арқасында  татарлардың гармошкасын тартып ән айтып жүріп күн көретіні, одан әрі  оқимын деп, Оралға  кететін сәттері  бейнеленеді. Оралда жүріп,  газеттерде  жұмыс істейді, алғаш Оралда жазған шығармалары республикалық басылымдарда жарық көреді. Кейіннен  руханият ортасы Алматыға асығады, осында газетте қызмет етіп жүрген шағында соғыс басталады. Ақын осы кезде шығармашылығын көре алмай, қызғаныш тудырған кейбіреулердің әрекетіне ызаланып, соғысқа өз еркімен сұранып кетеді. Әйгілі «Абдолла» поэмасы осы уақытта жазылады – дейді Кеңес Жұмабеков.

Поэтикалық драманың музыкалық көркемдік ажары негізінен Қасымның  өз әндерімен әрленіп, отты жырларымен жалындай  түседі. Соғыстан  оралған соң Алматыға келіп қызмет еткен Қасымның бақытты  шақтары да драмада көрініс табады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы