Бүгiн 2026, 20:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Рахиттің алдын алу үшін не істеу керек? – маман кеңесі

Айгүл Шағалтаеваның сөзінше, жылы мезгілде күн сәулесі рахиттің алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі саналады.

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балалар арасында рахиттің алдын алу шаралары туралы түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Рахит– балалар ағзасында кальций, фосфор және D дәруменінің жеткіліксіздігінен дамитын ауру. Бұл дерт сүйек тіндерінің қалыпты дамуын бұзып, қаңқа жүйесінде түрлі өзгерістердің пайда болуына әкелуі мүмкін.

Дегенмен мамандар рахиттің алдын алу қиын емес екенін атап өтті. Ол үшін баланы дұрыс тамақтандыру, D дәруменіне бай тағамдарды тұтыну, таза ауада жиі серуендету және күн сәулесін тиімді пайдалану қажет.

Айгүл Шағалтаеваның сөзінше, жылы мезгілде күн сәулесі рахиттің алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі саналады.

 D дәрумені адам ағзасында тікелей күн сәулесінің әсерінен түзіледі. Сондықтан көлеңкеде немесе терезе әйнегі арқылы түсетін жарық бұл қажеттілікті толық өтей алмайды,-деді ол.

Маман күз мезгілінен бастап күн сәулесінің белсенділігі төмендейтіндіктен, ағзаның D дәруменіне деген қажеттілігі артатынын айтты.

Кез келген дәруменді қабылдау мөлшері мен ұзақтығы міндетті түрде дәрігердің кеңесімен белгіленуі керек. Себебі дәруменнің артық мөлшері де денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін,- деді Шағалтаева.

Сондай-ақ ол D дәруменіне бай тағамдарды күнделікті ас мәзіріне енгізудің маңызын атап өтті.D дәруменіне бай тағамдардың қатарына теңіз өнімдері, бауыр, ірімшік, сүзбе және айран жатады.

Бала дүниеге келгеннен кейін оның ағзасы қарқынды дамиды. Осы кезеңде барлық қажетті дәрумендер мен минералдарды жеткілікті мөлшерде қабылдау аса маңызды. Мамандар рахиттің алдын алуда кальций мен фосфордың да рөлі жоғары екенін еске салды. Бұл минералдарға бай сүт өнімдері мен балық баланың күнделікті ас мәзірінде болуы тиіс.

Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, уақытылы жүргізілген алдын алу шаралары баланың сүйек жүйесінің дұрыс қалыптасуына, денсаулығының нығаюына және үйлесімді дамуына мүмкіндік береді.