Рахат Жақсыбай: Құсбегіліктен ортаазиялық федерация құрылуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрі құсбегілік бойынша жиналыс өтті.
Жиналысқа Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы, Ұлттық және ат спорты орталығы, еліміз өңірлеріндегі құсбегілік өкілдері қатысты.
Жиналыстың күн тәртібінде құсбегілік спортының қазіргі жағдайы мен дамуы жолындағы өзекті мәселелер қаралды.
Осы орайда Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай еліміздегі құсбегілік спортын дамыту бойынша бірқатар ұсыныс айтты.
Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының кеңес мүшесі ретінде, Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының бас хатшысы ретінде, Ат үстінен садақ атудан халықаралық федерацияның мүшесі ретінде құсбегілік спорты бойынша да әлемдік федерациялар, халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуіміз керектігін ұсынамын. Сондай-ақ, негізінен құсбегілік туралы айтқан кезде, ойымызға бірден Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия оралады. Осы үш елдің басын қосқан Азиялық федерация дейміз бе, Орта Азиялық федерация дейміз бе, сондай бір орталық құруға мүмкіндік те, жағдай да келген сияқты, – дейді Рахат Жақсыбай.
Бұл – халықаралық бағыт. Ал екінші – құсбегілік саласы бойынша брендингті дамыту.
Мысалы біздің Ұлттық спорт қауымдастығының «Алтын тұғыр», «Алтын жебе», «Алтын тұлпар», «Қазақстан қабыланы», «Өнер көкпары» деген секілді жобаларын дәстүрлі түрде өткізе бастағандықтан, атаулары белгілі бола бастады. Сол секілді құсбегіліктің де өзіндік турнирлері бар, мысалы Мәсіп Батырханұлы атындағы, Күнтуған Тоқтабайұылы атындағы, «Сонар», «Салбурын» қатарлы сайыстар бар. Сол секілді бүркітшілікке қатысты «Алтын қыран» деген секілді брендке айналатын атау керек секілді, – дейді ол.
Сонымен қатар Рахат Жақсыбай құсбегілік спортын дамыту үшін қаржы мәселесі мен қомақты жүлде қорын тағайындауды ұсынды.
Спортқа әрқашан мотивация керек. Кеше ғана Жамбы ату мен Теңге ілуден федерация кубогына 11 миллион теңге жүлде тігіліп, ең үздік теңге ілуші мен жамбы атушыға автокөлік мінгізіп жатқанда, құсбегілікке де осындай қолдау керек деп ойлаймын. Әрине, бұл тұрғыда демеуші болғысы келіп отырған азаматтар да бар екенін атап өткен орынды. Соған қарағанда, алдағы уақытта құсбегілік сайыстарына да қомақты жүлде тігіледі деген сенімдемін. Тіпті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында-ақ құсбегілер темір тұлпар үшін сайысқа түсіп қалуы мүмкін, – дейді қауымдастықтың атқарушы директоры.
Осы орайда Рахат Жақсыбай бүгін ғана Мәжілісте талқыланған жануарларды қорғау туралы заң жобасына қатысты ойын айтты.
Бұл заң жобасы спортқа да қатысы бар. Өйткені ұлттық спортымыздың 60-70 пайызы жануарлармен тікелей байланысты. Мысалы қазір сөз етіп отырған саятшылықты алып қарасаңыз, спорттық құстар – ителгі, қаршыға, сұңқар, бүркіт. Оның сыртында қоян, түлкі, қарсақ, қасқыр қатарлы бүркітшіліктің негізгі нысаны да осының ішіне кіреді. Сондықтан «Еуропалық стандарт» деген күннің өзінде біз ұлттық құндылығымызды сақтап қалуымыз керек. Министрлік тарапынан осы заң жобасында сарапшымын, сол себепті де біз өз ұстанымдарымызды сақтап қалуға тырысамыз, – деді ол.