"Рагаса" тайфуны Қытайға жетті: 2 млн адам эвакуацияланды

"Рагаса" тайфуны Қытайдың оңтүстігіне соқты, алдын ала мәлімет бойынша екі миллионға жуық адам эвакуацияланды. Табиғи апаттың алдында Тайваньда су тасқыны болып, кемінде 17 адам қаза тауып, бірнеше адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Сәрсенбі күні дауыл «супер тайфуннан» «қатты тайфун» деңгейіне дейін әлсірегенімен, әлі де жойқын күшке ие. Гуандун провинциясында желдің жылдамдығы секундына 241 км-ге жеткен. Қытай билігі бірнеше қалада (Чжухай, Шэньчжэнь, Гуанчжоу) қауіп деңгейін көтеріп, тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес берді.

Тайваньдағы Хуалиен округінде бөгеттің бұзылуынан пайда болған су тасқыны тұтас ауылдарды шайып кетті. Билік апат салдарын «күткеннен әлдеқайда ауыр» деп сипаттады. Құтқару жұмыстарына әскерилер мен еріктілер тартылған.

Тайфун Гонконг пен Филиппинде де көлік қатынасын тоқтатып, әуе рейстерін кейінге қалдырды. Гонконгта 90-ға жуық адам жарақат алды. Филиппинде табиғи апаттан кемінде сегіз адам көз жұмды.

Синоптиктердің болжамынша, «Рагаса» бірнеше күн ішінде біртіндеп әлсірегенімен, Қытайдың оңтүстігі мен Оңтүстік-Шығыс Азияда нөсерлі жаңбыр мен лай көшкіні қаупін төндіріп тұр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: AP Photo/Chan Long Hei
Өзгелердің жаңалығы