Радиоактивті қалдықтарды сақтауға бөлінген қаржы игерілмей қалуы мүмкін

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутаттық сауал жолдаған сенатор Сүйіндік Алдашев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Осылайша, сенатор «Қошқар Ата» радиоактивті қалдықтар қоймасының проблемаларына Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың назарын аударды.

Айтуынша, Сенат депутаттарының Маңғыстау облысына сапары барысында Ақтау қаласының тұрғындары осы қоймаға қатысты мәселені шешуді сұраған. Сенатор өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы радиоактивті қалдықтар қоймасын 3 жыл ішінде рекультивациялау жұмыстарын аяқтауды Үкімет пен облыс әкімдігіне тапсырғанын еске салды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында жобалық-сметалық құжаттама қаралды және әзірленді. 4200 гектар жерді мелиорациялау жұмыстары басталды. Дегенмен, мердігерлер түзетулер енгізіп, оған сәйкес жер көлемі 3 есеге, яғни 1300 гектарға қысқарды. Бұл ретте бюджетті қайта қарау туралы әңгіме болды. Өйткені, мердігердің айтуынша және елдегі экономикалық жағдайға байланысты қажетті құрылыс материалдары, құрал-жабдықтар мен жанар-жағармай қымбаттап кеткен, - деп атап өтті Сүйіндік Алдашев.

Депутат қазір тапсырманы толық орындау, атап айтқанда, стратегиялық жоспарлау көрсеткішіне қол жеткізу Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау сияқты шешілмеген мәселе болып тұр деп есептейді. Сенатор бастапқы жобалық-сметалық құжаттамаға өзгертулер енгізу туралы шешімнің Республикалық бюджет комиссиясында қаралмағанына да назар аударды.

Жоба талқыланып, өзгертулер енгізу қарастырылып жатқан кезде, оған биылғы жылға бөлінген қаржының 30%-ы ғана игерілгені белгілі болған. Сенатор бүгінгі күні биылғы жылға бөлінген қаржының толық игерілмей қалу қаупі бар екенін атап өтті.

Біз жобаны қайта қарап, қатерсіздендіру үшін жер телімі бастапқы қалпында қалуы тиіс, қаржы көлемін алдағы жұмыс көлеміне сәйкес келтіру қажет деп есептейміз. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Сізден осы мәселені шешуге баса назар аударуыңызды сұраймыз, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы