Радиоактивті материал тасымалы: Апат болса, кім жауап береді?

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Темір Қырықбаев Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевке радиоактивті материалдарды Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау кезінде төтенше жағдайлар болса, кім жауапты болатыны және келтірілген залал қалай бағаланатыны туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаралып отырған келісімде радиоактивті материалдарды тасымалдау кезінде апат болса, бұл халыққа және экологияға ауыр зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан қаржылық және құқықтық жауапкершілікті, сондай-ақ өтемақы тәртібін алдын ала нақты белгілеу өте маңызды. Сұрақ – апат болған жағдайда келтірілген шығын үшін кім жауап береді және залал қалай есептеледі? – деді депутат.

Агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұл сұраққа жауап бере отырып, радиоактивті материалдарды тасымалдау мәселесі Қазақстан заңнамасында және халықаралық міндеттемелерде нақты реттелгенін айтты.

Экология және қауіпсіз тасымалдау – өте маңызды мәселелер. Тасымалдауға көбіне уран өнімдері мен радиофармацевтикалық препараттар жатады. Бұл процестер қатаң регламентке сәйкес жүзеге асырылады. Бұған дейінгі баяндамаларымда тиісті механизмдер мен өзара іс-қимыл тәртібін нақты түсіндірдім. Ең бастысы – ядролық қалдықтарды Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл – ең қауіпті радиациялық материал түрі саналады, – деді Сәтқалиев.

Сондай-ақ ол радиоактивті материалдарды бейбіт мақсатта пайдалану аясындағы барлық қатынастар Қазақстанның заңнамасына және халықаралық келісімдерге толық сәйкес реттелетінін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы