Қорғаныс министрлігі парашютпен секіру кезінде қаза болған әскери қызметшіге қатысты түсініктеме берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігі парашютпен секіру кезінде қаза болған әскери қызметшіге қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, 2019 жылғы 22 тамызда Қапшағай қаласында әскери қызметшілер Ми-17 тікұшағынан жоспарлы парашютпен секіруді орындады. Секіру кезінде полковник С.С. Алдынғұров шамамен 200-250 метр биіктіктен секіру кезінде қауіпсіздік техникасын бұзғандықтан, негізгі парашюті ағытылып кеткен. Әскери қызметші қосалқы парашютті қолданған, бірақ биіктіктің жеткіліксіздігінен парашют ашылып үлгермеген. Соның салдарынан полковник Алдынғұров қаза тапты»,-делінген таратылған ақпаратта.
Аталған парашютпен секіру жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүргізілген. Секіруге ауа-райы да қолайлы болған.
Алдынғұров 100-ден аса секіруді орындаған. Соның ішінде күрделі, ұзаққа созылған, күндізгі және түнгі секірулер бар.
Қазіргі уақытта оқиға себептері анықталуда.
«Әскери қызметшінің қаза болуы фактісі бойынша «Қызметке салғырт қарау салдарының ауыр жағдайға әкеп соғуы» ҚР ҚК 453 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды»,- делінген хабарламада.