ҚР Кәсіподақтар федерациясы Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету жөнінде үндеу жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласындағы апатты жағдайға байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы еліміздің барша азаматтарына - барлық кәсіподақ мүшелеріне, жұмыс берушілер мен бизнес өкілдеріне апаттан зардап шеккен аймаққа жан-жақты материалдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету жөнінде үндеу жолдады деп хабарлайды ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.

Кәсіподақтар федерациясы Арыс қаласындағы техногендік төтенше оқиға туралы ақпаратты құлазыған көңілмен қабылдап, аса ауыр қиындыққа тап болған қала тұрғындары мен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына үлкен алаңдаушылық білдіретін жеткізді. Сондай-ақ, осындай қиын сәтте барша қазақстандықтарды бірлікке шақырды.

«Еліміз ортақ, жеріміз ортақ, яғни, арыстық бауырларымыздың басына түскен бұл ауыр жағдай да бəрімізге ортақ. Ендеше, барлығымыз азаматтық пен адамгершілік таныта отырып, ортақ апаттан тыс қалмай, қолымыздан келгенше зардап шеккен бауырларымызға жан-жақты материалдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетейік,- делінген үндеуде.

Қазір кәсіподақтар федерациясының аумақтық бірлестіктері зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында республикамыздың барлық аймақтарында арнайы ұйымдастыру іс-шараларын шұғыл бастап кетті.

«Осы орайда, біз республикамыздың барлық кәсіподақ мүшелерін, жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерін көмек көрсету жұмыстарын қолға алған кəсіподақтар федерациясының аумақтық бірлестіктері төрағаларының жанына топтасып, игілікті істі бірлесе атқаруға шақырамыз»,- делінген үндеуде.

 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы