ҚР экономикасының базалық салаларында оң динамика сақталуда – Мамин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ҚР экономикасының базалық салаларында оң динамика сақталуда. Бұл туралы ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында айтты.
Оның айтуынша, биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың базалық салаларында оң өсім серпіні сақталуда.Өңдеу өнеркәсібінде 3,8%-ға, оның ішінде машина жасауда 13,9%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіруде 4,1%-ға, фармацевтикада 23,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 7,3%-ға, қағаз өндірісінде 15,7%-ға, химия өнеркәсібінде 3,6%-ға және дайын металл бұйымдарын өндіруде 18,6%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,3%-ға, тұрғын үй салу 7,5%-ға немесе шамамен 7 млн шаршы метрге артты. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 2,5%-ға қамтамасыз етілді, - деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар, ол ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-1,4%) байқалғанын, бұл тау-кен өнеркәсібінің жалпы көрсеткіштеріне тікелей әсер еткенін жеткізді (0,4%-ға төмендеу).
Тау-кен секторының басқа да маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталып отыр: көмір өндіру 2,6%-ға, металл кендерін өндіру 2,3%-ға, табиғи газды өндіру 0,9%-ға өсті. Карантин кезінде қызмет көрсету секторында көрсеткіштердің төмендеуі байқалады. Бұл әсіресе сауда (-11,9%), көлік (-15,6%), әкімшілік қызмет көрсету (-5,3%) салаларына және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (-4,3%) қатысты. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әлеуметтік-экономикалық дамудың 7 негізгі көрсеткішінің 5-уі бойынша өсім көрсетті. Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Тек 3 көрсеткіш бойынша өсім Атырау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген, - деді ол.
Сондай-ақ, ол өңірлер белсендірек жұмыс істеп, экономикалық өсімді қалпына келтіру жолында қабылданған барлық шараларды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шараларды тиімді іске асыруы қажеттігін айтты.
Отандық өндірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды барынша қамтамасыз ету қажет, — деді А. Мамин.
Одан бөлек, Үкімет басшысы өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыруды, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шұғыл қарауды және тиісті шешімдерді қабылдауды тапсырды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы