ҚР ДСМ басшысы дәрігерлердің жалақысы ең жоғары болуы керектігін айтты
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада өткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алқа отырысында дәрігерлердің жалақысы туралы айтылды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз сөзінде Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласының алдына медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру бойынша қойған міндеттеріне және дәрігерлердің жалақысына қатысты мәселеге тоқталып өтті.
"Былтыр жыл соңында мемлекеттік ұйымдардағы мамандар қолға қанша жалақы алатынын тексеріп, жоғарырақ жалақыны дәрігерлер алатынын анықтадық. Дәрігерлер алатын жалақы мөлшері алдағы уақытта да көбейе береді. Ең жоғары жалақыны дәрігерлер алуы керек", - деді Елжан Біртанов.
2016 жылы дәрігердің қолға алатын орташа жалақысы 130 901 теңге болса, 2017 жылы – 134 377 теңгеге, ал 2018 жылы 142 228 теңгеге өскен.
Еске сала кетсек, іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-министрінің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Алқа және Қоғамдық кеңестің мүшелері, әкімдердің орынбасарлары, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, аумақтық департаменттердің басшылары және тағы басқалар қатысты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ең басты міндет медициналық қызметтің сапасын арттыру екенін айтты.
Зарина Әбілмәжінова