Қазақстан-Тәжікстан өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Асқар Тәжібаев Соғды облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Сапардың мақсаты - Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту болды. 

Соғды облысының төрағасы Раджаббой Ахмадзодамен, облыс төрағасының орынбасары Анвар Яъкубимен және Ходжент қаласының мэрі Маъруф Мухаммадзодамен кездесу барысында Қазақстан өңірлерінің ел экономикасының басты қозғаушы күші болып табылатын Соғды облысымен ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегі талқыланды, - делінген хабарламада.

Гүлстон қаласын аралау барысында елші «Бахористон» көпфункционалды сауықтыру кешенімен танысты. 

Истаравшан қаласында Асқар Тәжібаев қала мэрі Амир Курбанзодамен қазақстандық компаниялардың тәжік кәсіпкерлерімен ынтымақтастығының ықтимал бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, қазақстандық инвесторлардың қатысуымен құрылған «Оби Зулол» сусындар өндіретін кәсіпорынның қызметімен танысты. 

Қазақстандық дипломат сапарының соңында экономиканың түрлі салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін дамыған өнеркәсіптік және коммуникациялық инфрақұрылымы бар «Сугд» еркін экономикалық аймағының қызметімен танысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы