Бүгiн 2026, 10:44 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қызына алимент төлеткісі келген зейнеткер сотта жеңілді

Айына 128 мың теңге зейнетақы алатын қария қызынан алимент өндірмек болды

Қарағанды облысының Балқаш қаласында зейнеткер өз қызынан ай сайын 10 АЕК көлемінде алимент өндіруді талап етіп, сотқа жүгінді. Талап қоюшы күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат қажет екенін, алайда қызы тарапынан материалдық көмек көрсетілмейтінін айтқан.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз әрі көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті.

Алайда сот отырысы барысында талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатыны анықталды.

Сонымен қатар оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport маркалы автокөлігі бар екені белгілі болды.

Өз кезегінде жауапкер талаппен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, өзі екі баланы жалғыз тәрбиелеп отыр, балалардың әкесінен алимент алмайды және сатушының көмекшісі болып жұмыс істейді. Ай сайынғы табысы шамамен 85 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ ол әкесінің материалдық көмекке мұқтаж емес екенін жеткізген.

Әкем коттеджде жалғыз тұрады, көлігі бар, зейнетақы алады. Дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана жазып берген, – деген жауапкер сотта.

Іс материалдарын зерттеген сот талап қоюшының көмекке мұқтаж азаматтар санатына жатпайтынын атап өтті.

Соттың мәліметінше, зейнеткер тұрақты емделуді қажет ететінін, үздіксіз күтімге мұқтаж екенін немесе қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жетпейтінін дәлелдейтін нақты айғақтар ұсынбаған.

Бұдан бөлек, сот барысында талап қоюшыға ұлының материалдық көмек көрсететіні де анықталған.

Сот зейнетақы мөлшерінің ең төменгі жалақыдан жоғары екенін, сондай-ақ тараптар арасында бұрыннан келе жатқан келіспеушіліктер бар екенін ескерді.

Соттың пікірінше, сотқа жүгінуге түрткі болған себептердің бірі де осы отбасылық жанжал болуы мүмкін.

Тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды негізге алған сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келді.

Сот шешімі заңды күшіне енген. Оған апелляциялық шағым берілмеген.