Қызын зорлаған әскери қызметкер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Бұрынғы әскери қызметкер жас қызын зорлағаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

1 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Ақтау гарнизонының бұрынғы әскери қызметшісіне жас қызын зорлағаны бойынша үкім шығарды.

Соттың үкімімен бұрынғы-әскери қызметші ҚК 120-бабының 4-бөлігінде (жас баланы зорлау), 121-бабының 4-бөлігінде (жас балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) және 124-бабының 3-бөлігінде (жас баланы азғындық жолға түсіру) көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі төтенше мекемесінде ұстаумен өмір бойына бас бостандығынан айырылды, - делінген Бас әскери прокуратура таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, үкімде С-ке қатысты химиялық кастрация түріндегі мәжбүрлеп емдеуді қолдану ұйғарылған.

Әскери қызмет кезінде ер адам өзінің 11 жасар қызының дәрменсіз күйін пайдаланып бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратқаны анықталды. Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа материалдарымен толық дәлелденген, - делінген хабарламада.

Сот жарыссөздерінде мемлекеттік айыптаушы сотталушының жасаған іс-әрекеттерінің ауырлығын ескере отырып, оған қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қажеттілігі туралы бұлтартпас дәлелдер келтірді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы