Қызылжарда «Уақытша отбасы» жобасы жалғасын табады
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Теріскейде өткен оқу жылында «Уақытша отбасы» пилоттық жобасы жүзеге асырылған болатын. Тәжірибе ретінде қолға алынған жаңашылдық тиімділігін көрсетті. Бұл мәселе облыстық әкімдік отырысында талқыланды.
«Уақытша отбасы» пилоттық жобасы – тек Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылуда. Бағдарламаға сәйкес мектебі жабылып қалған елді мекендерде тұратын оқушыларды басқа ауылдың отбасы уақытша қолына алады. Заң жүзінде бала үшін жауап беріп, сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін қадағалайды. Есесіне мемлекеттен ай сайын арнайы жәрдемақы алады. Аталған бағдарламаға қатысушылар арасында сабақты босату фактілері азайғанын, оқу үлгерімі жақсарғанын тәжірибе көрсетті. Тиімді жоба ары қарай жалғасын таппақ.
«Пилоттық жобаның басты мақсаты шағын елді мекендерде тұратын балаларға сапалы білім алу үшін мүмкіндік жасау. Оның жақсы нәтиже бергенін көріп отырмыз. Оқушылар сабақты аз қалдыратын болды. Ең бастысы, балалардың оқу үлгерімі жақсарды. Олар өздері тұрып жатқан үйдің шаруасына араласып, еңбек етуді үйренеді, отбасылық құндылықтарды бағалай білетін болады», - дейді облыстық білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Райынбекқызы.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 485 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның 80%-ға жуығы шағын мектептер. Ал 229 ауылда шағын комплектілі оқу орны ғана бар. Балалар іргелес елді мекендерге күн сайын қатынап немесе интернатта тұрып оқуға мәжбүр.
«Халқы аз, шағын ауылдар жабылады. Ондаға балаларды біліммен қамтамасыз ету үшін осы бастан шара қолдануымыз қажет. Уақытша отбасыларға жәрдемақы төленеді. Біз бұл жоба жайында оқушылардың, ата-аналардың ойын сұрастырдық. Бәрі оң баға беріп жатыр. Интернатта тұрғаннан осы тиімді. Отбасында өсіп, жақсы тәрбие алады, бала үлкендердің көз алдында болады», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Пилоттық жоба 3 ауданда жүзеге асырылды. Барлығы 60 бала 54 үйде орналастырылды. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын 15 отбасы 17 баланы қабылдаған. 13-і оқушылардың туыстары. Мамандардың болжамынша келер оқу жылында «Уақытша отбасы» жобасына деген сұраныс екі есе артпақ.